Site icon Мейірімді қоғам

Ақтөбеде ірі жол апаттарына қатысты қылмыстық істер сотта қаралып жатыр

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта екі ірі жол апатына қатысты сот отырысы басталды. Бірінде 5 адам, екіншісінде 4 адам көз жұмды.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Самара-Шымкент тасжолының Қобда ауданы Әлия ауылында болған оқиғаға қатысты айыптау актісі оқылды. Онда көлік рулінде болған 28 жастағы жігіттің шаршаңқы күйде болып, жол-көлік қозғалысы ережесін сақтамағаны айтылды.

— Жүргізуші қыдырып, 2024 жылдың 26 тамызы күні сағат 18:40-та қауіптілігі жоғары Ақтөбе облысы Қобда ауданы бағытында Volkswagen Polo маркалы автокөлігімен жолдың қарама-қарсы бағытына шығып кетеді. Нәтижесінде 50 жастағы екі адам және 2010, 2015, 2019 жылдары туған балалар көз жұмды. Сөйтіп жүргізуші ҚР Қылмыстық кодекстің 345 бабы 4 бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Көлік құралын басқаратын адам жол жүрісі қағидаларын бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан іс-әрекет жасағаны үшін айыпталады,- деді мемлекеттік айыптаушы Әлия Тлеуова.

Айта кетейік, жол апаты кезінде көз жұмған жолаушылар жүргізушінің туыстары. Еске салсақ, оқиға биыл тамызда болды. Жеңіл көлік жүргізушісі жолдың қарсы бағытына шығып, жүк көлігімен соқтығысқан.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қарғалы ауданы Ащылысай ауылы маңында аударылып қалған Toyota Alphard көлігінің 37 жастағы жүргізушісіне қатысты іс қаралып жатыр.

Айыптау актісіне сүйенсек, жолаушылар ашық бас-ми жарақатын алып, көз жұмған. Сот отырысы кезінде жәбірленушілер 20 млн теңге моральдық, 2,7 млн теңге материалдық шығынды өтеуді сұрады.

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Exit mobile version