Site icon Мейірімді қоғам

Қазақстандағы атом саласының әлеуметтік-экономикалық рөлі орасан зор – ғалыммен сұхбат

28 қыркүйек — атом өнеркәсібі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл салада көрнекті ғалымдар, ядролық физиктер, инженерлер, конструкторлар және жоғары білікті жұмысшылар еңбек етеді. Солардың бірі — Алматыдағы Ядролық физика институты атом энергиясының қауіпсіздігі мәселелері зертханасының меңгерушісі, Энергетика министрлігінің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы салалық кеңесінің мүшесі, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, PhD докторы Әсет Шәймерденов. Білікті маман Кazinform тілшісінің атом саласына қатысты қойған сауалдарына жауап берді.

 Әңгімені күрделі әрі қызықты ядролық саладан бастасақ

– Атом саласы — атом өнеркәсібінің, энергетиканың және ғылымның жиынтығы. Сондықтан сала мамандары көптеген мәселені шешумен айналысады. Басты міндетіміздің бірі – болашақта және бүгін пайдаланылатын ядролық энергетикалық реакторлар қауіпсіздігін арттыру. Атап айтқанда, ядролық бөлшектердің түрлі элементтермен өзара әрекеттесуін зерттеу, ядролық реакцияның тұрақтылығын анықтау, материалдардың радиациялық сәулеленуі қасиеттерінің әсерін зерттеу, медицина мен өнеркәсіп үшін заманауи және перспективалы радиоизотоптарды өндіру технологияларын әзірлеу, ауыр апаттар мен олардың салдарын анықтау. Осы уақытқа дейін жүргізген зерттеулердің нәтижесінде медицина мен өнеркәсіп салаларына арналған радиофармацевтикалық препараттар мен радиоизотопты өнімдер шығаруды жолға қойдық. Қазір ауруханаларды өмірлік маңызды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп жатырмыз, яғни елімізде өндіріліп отырған радиофармпрепараттың 90%-ын институт өндіреді.

– Білуімше, институт қабырғасында 23 зертхана бар. Өзіңіз басқарып отырған зертхананың жұмысы туралы айтып беріңізші.

– Біздің зертхана (Атом энергиясының қауіпсіздігі мәселелері зертханасы) ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеуден бастап ядролық және термоядролық реакторлардың перспективалық конструкциялық және функционалдық материалдарын реакторлық сынауға дейінгі қызметтердің кең спектріне ие. Зертханада екі ірі қондырғы бар. Сындық стенд — нөлдік қуатты ядролық реактор және газ-вакуумдық ілмек қондырғысы. Сондай-ақ, біз ядролық объектілердің жобалық құжаттамасының ядролық, радиациялық және ядролық-физикалық қауіпсіздігіне сараптама жүргізіп жатқанымызды атап өткім келеді. Зертханада 16 маман жұмыс істейді. Оның 60%-дан астамы 40 жасқа толмаған. Зертхана қызметкерлері халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға, семинарларға, техникалық кездесулерге үнемі қатысады. Зертхана Жапония, Германия, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Латвия ұйымдарымен кең халықаралық ынтымақтастыққа ие.

Фото: Александр Павский/Kazinform

– Институт қызметкерлері зерттеу реакторы базасында ел экономикасына орасан зор пайда әкелетін бірқатар жобаны жүзеге асырды. Атом саласында тағы қандай жаңашылдық бар?

– 15 жыл болды біз IV буын реакторларына жататын Жоғары температуралы газ салқындатқыш реактор (ЖТГР) технологияларын дамыту бойынша зерттеулер жүргізіп келеміз. Мұны Жапонияның атом энергиясы агенттігімен (Japan Atomic Energy Agency) бірлесіп зерттеп жатырмыз. ЖТГР реакторлардың басқа түрлеріне қарағанда бірқатар артықшылыққа ие:

ЖТГР — ғылымды қажет ететін технология және атом-сутегі энергетикасына көшуді қамтамасыз ете алады. 2024 жылдың басында аяқталған біздің соңғы жобаларымыздың бірі – жоғары температуралы нейтрондық сәулеленудің ЖТГР кремний карбиді отын компакт матрицасының қасиеттеріне әсерін зерттеуге бағытталған. Қазіргі уақытта стандартты матрицалық материал графит болып табылады. Оның бірқатар кемшілігі бар, мысалы коррозияның тұрақсыздығы және ядролық отынды өндіруге физикалық кедергі тұрғысынан осалдық. Кремний карбидінің матрицасы коррозияға төзімділік пен ядролық материалды таратпауға төзімділік бөлігінде ЖТГР қауіпсіздігін арттыруға қабілетті ЖТГР отын компакт матрицасының материалы перспективалық ретінде қарастырылады. Дегенмен, кремний карбиді отынының ықшам матрицасының нейтрондық өрісте жоғары температурадағы мінез-құлқы туралы тәжірибелік деректер жоқ. Сондықтан ССР-Қ реакторында сәулелендіру эксперименті жүргізілді, онда кремний карбиді матрицасы бар отын компактінің үлгілері осы материалдың ЖТГР-де жұмыс жағдайында 1021 см-2 жылдам нейтрондық флюенцияға дейін сәулелендірілді, 220 тиімді күндер. Одан әрі сәулеленген үлгілер бұзылмайтын және бұзылатын әдістермен зерттеліп, олардың қасиеттеріне нейтрондық сәулеленудің әсері анықталды.

Алынған эксперименттік деректер материалдың радиациялық беріктігін одан әрі арттыру үшін отын компактінің дизайны мен құрамын жақсартуға көмектеседі. Осылайша, зерттеу нәтижелері ЖТГР қауіпсіздік деңгейін арттыруға және сол арқылы оның коммерциялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Жапонияның атом энергиясы агенттігімен бірлескен зерттеулерде алынған эксперименттік нәтижелер HTR50S және GTHTR300 сияқты коммерциялық шағын модульдік ЖТГР типті реакторларды жобалау кезінде пайдаланылды.

Фото: Александр Павский/Kazinform

 Қазақстан ғылымына ғана тиесілі тың идея немесе жоба бар ма?

– Әрине, Қазақстан ғылымында көптеген идея бар. Мәселен, жер сілкінісін ерте болжау жүйесін әзірлеу, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуге арналған препараттарды, оның ішінде радиофармпрепараттарды ойлап табу, шикізатты терең және тиімді өңдеу және қосылған құны жоғары өнімді алу технологияларын әзірлеу сияқты тың бастамалар жетерлік. Соңғы жылдары ғылыми қоғамдастық Қазақстанда ғылымды қаржыландырудың едәуір ұлғаюын байқап отыр, бұл ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің сапасына жағымды әсер етеді. Елімізде ғылымды қаржыландыру тек ұлғаяды, ғалымдардың қолдауы артады және бұл отандық ғылым деңгейін дамыған елдер деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді деп үміттенемін.

 Атом саласына қайта оралсақ, оның қоғамдағы рөлі қандай?

– Егер атом саласының рөлін нақты сипаттамалар тұрғысынан қарастыратын болсақ, мен атом саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің санын айтқым келеді, онда оның рөлі жоғары емес. Қазақстанда атом саласында жұмыс істейтін үш ірі мемлекеттік кәсіпорын бар – олар «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ, «Ұлттық ядролық орталығы» және «Ядролық физика институты» РМК. Бұл мекемелерде барлығы 25 мыңға жуық маман бар. Алайда, Қазақстандағы атом саласының әлеуметтік-экономикалық рөлі орасан зор. Мысалы, Қазатомөнеркәсіп уран кенін өндіріп қана қоймай, сонымен қатар АЭС үшін жылу бөлетін жинақтар, қосылған құны жоғары түпкілікті өнім шығарады. ҚР ҰЯО атом энергетикасының қауіпсіздігін арттырумен және бұрынғы Семей сынақ полигонындағы радиациялық қауіпсіздікті мониторингілеумен айналысады. ЯФИ — медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптардың (радиофармпрепараттарды қоса алғанда) елдегі ең ірі өндірушісі. Азғыр полигонындағы радиациялық жағдайға мониторинг жүргізеді, өнеркәсіпте, медицинада және ауыл шаруашылығында радиациялық технологияларды әзірлейді және енгізеді.

 Жалпы, «атом» деген сөздің өзі бір түрлі үрей тудыратыны бар, неге?

– Меніңше, бұл мәселеде халық санасында бірнеше бағыттағы үрей бар сияқты. «Атом» сөзінен қорқудың бірінші себебі – Семей полигоны. Оның зардабын тұрғындар әлі де тартып келеді. Екінші себеп, менің ойымша, халықтың атом саласы туралы жетік білмеуіне байланысты. Ал адам бірдеңе білмесе, одан әлбетте қорқады. Сондықтан ел арасында ақпараттандыру жұмыстарын мейілінше көп жүргізу қажет. Оның артықшылығы мен кемшін тұстарын жасырмай айтып, көрсету керек. Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша халықаралық тәжірибеге шолу жасау қажет.

Фото: Ә. Шәймерденовтің жеке мұрағатынан

 – Маман ретінде АЭС құрылысын құптайтыныңыз сөзсіз. Себебін таратып айтып берсеңіз…

– Қазақстан ядролық салаға жаңадан келген мемлекет емес. Біздің ел уран өндіруден әлемде бірінші орында және осы элементтің барланған қоры бойынша екінші орында. Қазақстан Ақтау қаласында жылдам нейтронды атом электр станциясын да іске қосты. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты Қытайдың атом электр станциялары үшін жылу жинақтарын шығарады, ал еліміздегі төрт ғылыми-зерттеу реакторы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша белсенді зерттеулер жүргізіп жатыр. Бұл жетістіктер АЭС құрылысы жобасын жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде қолдау көрсетуге қабілетті мамандарды дайындаудың жоғары деңгейін көрсетеді. Қазақстанда атом энергетикасының табысты дамуына негіз жасайтын бірегей ресурстар мен білікті кадрлар бар.

Атом электр станциясының артықшылығы көп. АЭС — бұл тұрақты электр энергиясының көзі ғана емес, сонымен қатар ғылымды қажетсінетін және инновациялық технологияларды дамытудың драйвері. Бүгінгі таңда еліміздің болашақ энергия тапшылығын, экономикалық және технологиялық дамуын жабу үшін электр энергиясының жаңа көздерін салу қажеттілігі айқын болып отыр. Жаңартылатын электр көздері елдің электр энергиясына деген қажеттілігін жаба алмайды өйткені мұндай көздер өзгермелі, тұрақсыз және қуаты аз. Қазақстанда жаңа МАЭС салу үшін су ресурстары (өзендер) аз. ЖЭО-ны қолдануды кеңейту орасан зор экологиялық проблемаларға алып келеді және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу тұжырымдамасына қайшы келеді. Сонымен, тұрақты электр энергиясын қамтамасыз ете алатын атом электр станциясы ғана қалады. Сонымен қатар, бұл электр энергиясының басқа көздері дамымайды дегенді білдірмейді. Елдің энергетикалық жүйесі теңдестірілген және әртараптандырылған болуы керек.

– 6 қазанда өтетін референдумда халық қолдап, АЭС салынатын болса, мамандарға жүктелетін жауапкершілік қандай болмақ?

– Егер Қазақстан халқы алдағы референдумда атом электр станциясының құрылысын қолдаса, мамандардың бірінші архиотекалық міндеті қолда бар шорт-парақтан вендорды таңдау болады. Атом электр станциясы әлеуетті жеткізушілерінің барлық техникалық-экономикалық ұсыныстарын жан-жақты қарастырып, Қазақстан үшін ең жақсы нұсқаны таңдау қажет болады. Станцияның қауіпсіздік деңгейі, құрылыс құны мен мерзімі таңдалған АЭС жобасына байланысты болады және бұл өз кезегінде халық үшін электр энергиясының түпкілікті құнына әсер етеді.

 Кәсіби мерекеңіз құтты болсын!

– Иә, мереке құтты болсын! Осы салада аянбай еңбек етіп жүрген барша әріптестеріме қауіпсіз және апатсыз жұмыс тілеймін!

Фото: Ә. Шәймерденовтің жеке мұрағатынан
Exit mobile version