Кейінгі аптада жаһандағы интернет-басылымдар Қазақстанға қатысты көптеген жаңалықты бөлісті. Оның ішінде елдегі этникалық қазақтар санының өсуі, ҰҚШҰ әскери оқу-жаттығуының бағыты, Алматыға әкелінген Амур жолбарысының жай-күйі мен өнеркәсіптегі метанды азайтуға жасалған қадам ерекше аталған. Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.
Daryo: Жыл басынан бері Қазақстанға 12 мың қандас оралған
2024 жылы 12 325 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, қоныс аударғандардың көбі Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия, Ресейден келген. Ақпаратты Daryo интернет-басылымы жария етті.
Елге оралған азаматтардың:
- 45,6%-ы Қытайдан
- 39,2% – Өзбекстаннан
- 5,5% – Түрікменстаннан
- 5,4% – Моңғолиядан
- 3,1%-ы Ресейден келген.
Қандастарды қоныстандыру бойынша еңбек күші тапшы өңірлер анықталған. Олар – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қазақстанда этникалық қазақтардың келу үрдісі 1991 жылдан бері бар. Бүгінде 1 млн 140,7 мың этникалық қазақ елге келген. 2020 жылдан бастап аталған азаматтарға мәдени-тарихи байланысты білдіретін «қандас» статусы берілді. 2023 жылы «бір терезе» қағидаты арқылы қандас мәртебесін беру пилоттық жобасы іске қосылды.
Этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуына арналған бағдарлама Қазақстан билігі үшін имидждік және демографиялық баланс үшін маңызды. Оның бірнеше себебін айтайық.
- Біріншіден, бағдарлама еңбекке қабілетті топқа тиімді – тарихи отанына оралған азаматтардың 58%-ы еңбекке қабілетті жаста.
- Екіншіден, қоныс аударғандардың 32,4%-ы – балалар мен жасөспірімдер, яғни келешек демографиялық өсімді қамтамасыз етеді.
- Үшіншіден, Қазақстандағы халқы аз солтүстік өңірлерде тұрғын санын арттыруға көмегі зор.
CentralAsia: Қазақстанға Нидерландыдан екі Амур жолбарысы жеткізілді
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтуынша, голландиялық орталықпен жасалған меморандум өнімді жұмысқа себеп болған. Бұл жайында CentralAsia басылымы хабарлады.
Қазақстан тарапы Нидерландыдан алдырған 2 жолбарысты жабайы табиғаттағы популяцияны қалпына келтіру мақсатында пайдаланбақ. Қазір жабайы аңдар Алматы облысындағы «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватына жіберілді.
Богдана және Кума есімді қос жолбарыстың елге келуі Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мен БҰҰ-ның Даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан. Қоныс аудару процесі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мен Нидерланды орталығы арасындағы меморандумға қол қоюдан басталып, жолбарыстардың тұқымын көбейту үшін ақысыз негізде әкелінген.
– «Іле-Балқаш» резерватының үдемелі дамуы табиғатты қорғау саласындағы болашақ экологиялық бастамалар мен маңызды қадамдар үшін берік негіз болады, – деді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Алдағы жоспар – 70 жыл бұрын Орталық Азияда жойылып кеткен жолбарыс тұқымын қайта көбейту. Келер жылы Ресей Федерациясынан да жолбарыстар әкелу жоспарланған.
Anadolu: ҰҚШҰ оқу-жаттығуына дайындық жалғасып жатыр
Оқу-жаттығу Ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға және ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Жаңалықты Anadolu агенттігі бөлісті.
Алматы облысының «Жағалау» оқу полигоны базасында ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштерінің «Мызғымас бауырластық-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізу жоспарланған. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Оқу-жаттығу жетекшісі – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев. 26-30 қыркүйек аралығында ҰҚШҰ-ға мүше елдерден – Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан әскери құралымдар келеді. Оларды қайта топтастыру әскери-көліктік авиация бортымен және автомобиль көлігімен жүзеге асырылады, – делінген ресми мәліметте.
ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бітімгерлік контингенттері – арнайы дайындалған әскери, полициялық және азаматтық персонал, сондай-ақ олардың күш-құралдары. Әрбір бітімгерлік операцияда Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен орындалатын міндеттердің көлеміне және шиеленіс аймағындағы нақты жағдайға әскерилер құрамы, құрылымы мен саны айқындалады.
– Оқу-жаттығу Ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға және ҰҚШҰ-ның жауапкершілік аймағында тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бірлескен маневр бауырлас елдерден келген қатысушыларға үйлесімділікті, практикалық дағдыны арттыруға және далалық машықты нығайтуға мүмкіндік береді. Практикалық іс-қимыл барысында дағдарыс аймағын шиеленістен кейінгі реттеу және гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі бітімгерлік операциясы пысықталатын болады, – деді Алмаз Жұмакеев.
Trend: «ҚазМұнайГаз» метан шығындысын азайту үшін Канадамен байланыс орнатпақ
25 қыркүйекте «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның Басқарма төрағасы Асхат Хасенов канадалық General Magnetic Canada Inc. (GMCI) компаниясының басшысы Альфред Дюррмен кездесті. Кездесу барысында қос тарап төмен көміртекті дамыту бойынша ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізіп, метан бойынша жаһандық міндеттемені орындау мәселесін талқылады. Бұл жөнінде Trend жазды.
«ҚазМұнайГаз» – OGMP 2.0 серіктестігіне қосылған және бұл бастаманы қолдаған Қазақстандағы алғашқы ұлттық компания. Алдағы үш жылда компания өндіруші кәсіпорындарда метанның ағу жолын (LDAR) түгендеп, шығарындылардың базалық деңгейін анықтауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта метан деңгейін өлшеу үшін Carbon Limits және Tetra Tech секілді серіктестермен бірлесіп жұмыс істеуде.
Тараптар GMCI компаниясымен ынтымақтастық орнату метан шығарындысын бақылауға және Қазақстанның энергетика секторының тұрақты дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.