Бүгін Қазақстан судьяларының съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сотты онлайн өткізудің ұтымды жақтарын айтты.
Мемлекет басшысы биыл сот отырыстары алғаш рет онлайн көрсетіле бастағанын, осындай тәсілмен бірнеше сот процесі өткенін еске салды.
«Сот істері миллиондаған адамның көз алдында мейлінше ашық жүргізілді. Мұндай қадам жұрттың сот жүйесіне сенімін нығайта түсті деуге болады. Бұл — әрине, бұрын-соңды болмаған жаңашылдық. Сондықтан судьялар мен айыптаушыларға қойылатын талап күшейді. Сотқа қатысатын тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сотты онлайн өткізудің тағы бір ұтымды тұсы бар. Азаматтардың құқықтық сана-сезімі өзгеріп келеді. Заңгер мамандығына деген қызығушылық артты. Жастар заң саласындағы мамандарды үлгі тұта бастады. Мұның бәрі қоғамда кәсіби маман болу құндылығын дәріптеуге мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пайымынша, жалпы сотты онлайн өткізу жұрттың құқықтық мәдениетін көтеруге оң әсерін тигізіп отыр. Бұл — елімізде заң мен тәртіп қағидатын орнықтыратын тиімді тәсіл.
Еске сала кетейік, биыл экс-министр Қуандық Бишімбаевқа, жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Нұрболат Дәкебаевқа, сондай-ақ автобус жүргізушісін ұрған Дархан Ахметжановқа қатысты сот онлайн тәртіпте көрсетілді.