Site icon Мейірімді қоғам

Баянауылда өрт шалған жерлердің аумағы 10 мың гектарға жеткен

Бүгін сағат 14.30-да Павлодар облысы, Баянауыл ауданы аумағында жалпы ауданы 10 мың гектар болатын дала өрті оқшауланған. Тілсіз жаудың бетін қайтаруға 236 адам, 42 техника, 2 әуе кемесі, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

— Өртті сөндіруге Павлодар облысы, Астана қаласы төтенше жағдай департаменттерінің, сондай-ақ Абай облысынан және ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің құтқарушы топтары, орман шаруашылығы қызметтері және жергілікті атқарушы органдардан ерікті өрт сөндіру құралымдары қатысты. Оқшаулауға 236 адам, 42 техника, 2 әуе кемесі, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Барлығы 64 тонна су төгілді. Су Шалқаркөл көлінен және Желтау кентіндегі ұңғымадан алынды. Қазіргі уақытта жергілікті өрт ошақтарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр,-деп мәлімдеді министрліктен.

Бүгін таңертең Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауылдағы өрттің жолы бөгеліп, барлығы 6 мың гектар дала өрті оқшауланды деп хабар берген.

Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ұсынған мәліметі өңір басшысы ұсынған цифрлардан 4 мың гектарға көп. Соған қарағанда Баянауылда бүгін таңертеңнең бері дала өртінің аумағы ұлғая түскені байқалады. Мамандар өрттің қашан толық жойылатынын айта алмай отыр.

Еске сала кетейік, 6 қазан күні Баянауылда жер өртеніп, бір ауылдың тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшірілді.

Өрт шалған жерге жақын орналасқан Жұмат Шанин ауылына қауіп төніп тұрған жоқ.

Тікұшақтар Павлодар мен Қарағанды шекарасындағы өрт ошақтарына 22 тонна су төкті.

Exit mobile version