Site icon Мейірімді қоғам

Тағылым алатын ұсыныс-Адамый құндыл

ДҮНИЕНІҢ ТҮБІНЕ КІМ  ЖЕТЕДІ

 Біз бәрін ойлануымыз керек екен. Не нәрсенің бәріне көз жұма қарамай, жақсымен жаманды айыра білгеннің өзі адамый қасиет, үлкен жауапкешілік. Жаһандану деген жұлмыр заман келді. Дүние бөліске түскен заман. Аранын ашып анталаған алпауыт елдер шортанды да, шабақты да жұтып қоюға әзір. Қазақстанды түгел жұтып алса да, олардың қылқаның кетті-ау демесі анық. 

Ара-тұра әлем картасына көз саламын. Мектептен қалған дағды. Жағрапиядан сабақ берген Жанболат ағайдың тәлімі. Әлемдегі екі жүздің үстіндегі мемлекеттің ішінде жұтынып отырғандары да, құтырып отырғандары да жеткілікті. Сол мемлекеттің бәрі аспан астында күн көргісі келеді: бір-бірімен байлық үшін тартыса, таласа өмір сүреді, өз нанын өзгеге бермей, әлі жетсе өзгенің нанын тартып жегісі келеді. Ә десе, мә деуге дайын тұрғандары да табылады. Өмір сүрудің өзіндік қағидасын көлденең тартып, сол қағидаға көнгендерді бір шыбықпен, көнбегендерді мың шыбықпен айдап отырған елдер де аз емес. Маңдайының соры бес елі мемлекеттерді майшелпек көріп, табиғат байлығын түгел сорып, қалдығын түкіріп тастап отырған қансорғыш елдердің етігінің іздері қай жерден де табылады. 

Мемлекет, халық, ел деген ұғымдар заманның дамуына қарай әр кезде, әртүрлі сипат, мазмұн алса, ұлт деген атау индустриялық дәуірде иегін қылтитты. Мемлекетіміз бар, еліміз бар, жеріміз бар,  біздерде  «Қазақ ұлты» деген асқақ рух басым болу керек еді. Осы ұғымнан біз ұлтшыл болып өзгеге зиянымызды тигізбейміз, керісінше өзімізді өзіміз қорғаймыз. Өйткені ұсақ ұлттардың жойылу қаупі қазіргі заманда өте жоғары. Сондықтан ұлттық тұрғыда ұйысыудың маңызы ерекше.  Жұрттық топтасудан ұлттық тұтастануға ішкі де, сыртқы да қатерлер жол бермей кес-кестейтіні өз алдына, ұлт ретінде жөнді ұйыса алмай отырған өзіміздің дәрменсіздігімізге тұра байланысты. Жаһандану деген адамзат баласының жапырағына түскен жауыз құрт. Ол әр жерден шұрқ-шұрқ тесік жасап алып, сол тесікті бұрқ-бұрқ қайнатып, жапырып қана қоймай, опырып жейді. Өздері ештеңе өндірмей-ақ, өзгенің байлығын теспей сору арқылы күн көрудің жаһандық жүйесі жасалған: бұл жүйе жер бетіндегі халыққа – халық деп қарамайды, кез келген халықты жалдамалы өндірістің құралы деп біледі; ұлттың да, жұрттың да табан тірейтін тірегі – жері, жаһандану арқылы жаппай тырнағын батырып отырған елдер бірінші кезекте сол жерді жұтады. Жер сату заңдылығын қабылдатады, жерінен айырылған елдің белінен айырылған ермен бірдей екенін олар жақсы біледі; жүретін жері сырғанақ болса, адамның табаны бір жерге тоқтай ма, құдды сол тәрізді елді жерден үзеді; нәр алдырмайды. «Ұлан-байтақ жерім бар» деп қаншама кеудеңізді керіп, аяғыңызды алшаң басып жүруіңіз бек мүмкін, бірақ сол жердің бүткіл байлығы біреудің қолында, біреудің жолында болады. Сол жердің байлығы мен қазынасына ие болмақ түгілі, жер бетінде жер басып аман жүргеніңіздің өзіне шүкіршілік етуден өзгеге шамаңыз келмей қалады. Жаһанданудың жолын кесетін жалғыз нәрсе бар: ол – ұлтшылдану. Біз осы уақытқа дейін ұлтсыздану ұранымен өмір сүріп келдік. Ұлттан безу – ұяттан безу. Ұяттан безу – аяттан безу.

Ар мен аятты бәрінен жоғары қойған ел едік. Сырттан таңылған, өз ішіміздегі ірілі-ұсақты жалпақбайлардың жалбағай жағымпаздығы мен сатқындығы танылған, басқалардың өмір сүру үрдісіне бағынған жаңа қалыпқа түсе бастадық.  Мыңды, миллионды сатып алу мүмкін емес, ал бір немесе бірнеше адамды сатып алу оңай. Бүгінде мемлекеттердің үстінен қарайтын жаһандық құрылымдар бар, олардың өз мүддесі бар, негізгі мүддесі халықтың байлығын сорудан басқа түк те емес, осы жолда неше түрлі айла-шарғыға, қитұрқы әрекетке, қанқұйлы қылмысқа барады; оларға елдің игі жақсысы деген аз ғана топты сатып алудың еш қиындығы жоқ, мемлекет мүддесі, ұлт мүддесі дегендерді аяққа таптап, жекелеген топтарды өздерінің ыңғайына қарай пайдалануға келгенде шебер, биліктің жоғарғы эшалонының аузын майлау арқылы тұтас ұлттың мүддесін күл-талқан етуден тайынбайды. Әлемдегі кез келген оқиға бірінші кезекте үш мемлекеттің қабағына қарай белгілі болады. АҚШ, Англия, Австралия. Өйткені бұл үшеуінің Тілі бір. Тілі бірдің – тірлігі бір.

Әлем картасындағы кез келген мемлекетті, кез келген елді тыпыр еткізбейтін тағы бір алпауыт – Еуропа. Бұлар Еуроодаққа бірлесіп, дүниені бөліске салудың жаңа жоспарын жасап жатыр. 

Қайран, ақкөңіл, дарқан мінез, кеңпейіл, жомарт халқым-ай! Көрінгенге құшағыңды ашқан қонақжай қалпыңның шын мәнін түсінген ел бар ма? Кең далада, мынау сахарада жалғыз-жарым күн кешудің, бөлініп өмір сүрудің мүмкін еместігін терең ұққан ұлтыңның ерке мінезі Еуропа мен Американың, Құранда қарғыс тапқан қанжұмыр халықтың серке топтарының қалтасын қалыңдатқаннан, қарнын шермиткеннен артыққа бара алмай, сән-салтанатынан, әдет-ғұрпынан, салт-дәстүрінен айырылып, уақыт өткен сайын ұлттық құндылықтардан жұрдай болып қалмайықшы!  Өз жерімізге, өз байлығымызға өзіміз ие болайық. Өзгеге уысып, өзгелердің уысында кетпейік. Түптің түбінде  шексіз байлықтың  да пайдасынан зияны аз деп ойламайық, шектен шыққан шексіз байлық айналып өзін жұтатынын естен шығармайық. Не нәрсеге қанағат тұтайық, өз байлығымызға өзіміз ие болайық, өзгенің байлығына қызығып күнәға батбайық!

Адамзат баласының қанша байлыққа құнықса да, ана дүниеге алып кететіні не? Атақты Александр Македонский, бізше – Ескендір Зұлқарнайынның табыттан бір қолы шығып, ашық алақаны көрініп жатыпты деген тәмсіл бар. «Мен әлемді билегеніммен, алып кеткен түгім жоқ» дегеннің ишарасы екен бұл. Қазақ «Дүние – жалған» деген. Дүниенің жалған екенін анық біліп, шын түсініп айтқан. Мынау жарық дүниеге не жетеді?! Осынау жалпақ әлемде адамзат баласының айтысып, тартыспай, өзара қырқыспай өмір сүруіне болар еді, тек қазақтың осы бір ауыз сөзіне құлақ асса! 

 

Exit mobile version