Site icon Мейірімді қоғам

Президент тапсырмасы: Катонқарағайда әуежай қашан салынады

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында салынатын әуежайдың құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Алайда әзірге әуежай салуға қанша қаражат жұмсалатыны белгісіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында Катонқарағай мен Кендірліге әуе қатынасын реттеуді тапсырған болатын.

«Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн», — деді Президент.

Осы ретте Шығыс Қазақстандағы табиғаттың тамашасын бойына сіңірген Катонқарағай жеріне салынатын әуежай жайлы толығырақ мағлұмат алу үшін ШҚО жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сауалхат жолдап көрдік.

«Бүгінгі таңда әуежай құрылысына алдын ала Үлкен Нарын және Катонқарағай аудандары шекаралары маңында орналасқан Солдатово елді мекеніне жақын жер учаскесі таңдалып отыр. Осы учаскеде әуежай салу есебінен жақын маңдағы аудандардың елді мекендерін әуе қатынасымен қамту жоспарланған. Құрылыс шеңберінде ұзындығы кемінде 2200 метр, ені кемінде 35 метр жасанды ұшу-қону жолағы жайластырылады. Әуе айлағының бұл параметрлері Fokker 50, Bombardier CRJ-200, Bombardier Q400, Embraer EMB 120ER және басқа да ұқсас типтегі әуе кемелерін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді», — деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары Қуаныш Акрамов.

Әуежайды жобалау және салу жөніндегі жұмыстарды «Қазаэронавигация» РМК қаражаты есебінен жүргізілмек.

«Іске асыру мерзімі — 18 ай. Нақты айтқанда, жобалау — 2024 жылдың соңына дейін, құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау — 2025 жылдың соңына дейін. Әуежай салуға жұмсалатын қаражаттың жалпы мөлшері жобалық-сметалық құжаттамаға „Мемсараптама“ РМК оң қорытындысын алғаннан кейін айқындалатын болады», — дейді Қуаныш Акрамов.

Айта кетейік, Қатонқарағай ауданына елдің әр түкпірінен ғана емес, шет мемлекеттерден де туристер келеді. Әсіресе осындағы ұлттық табиғи паркті көргісі келетіндер көп. Жыл сайын паркке 10 мыңға жуық турист табан тірейді.

Exit mobile version