Site icon Мейірімді қоғам

 АРҚА ЕТІН БЕРІП АЮҒА , ҚҰЛЫНЫНА ИІП ТҰРҒАН БИЕ(Аналық мейірім)

Аюдың тырнағынан құлынын құтқарып, «бауыр еті» үшін арқа етін садаға еткен бие, қан жоса болған қалпында құлынын емізіп тұр. Тірі жанды есін алардай, күркірей ұмтылған қорқауға құлынын бермей, шоқтығын беріп аман қалыпты деседі…

Бұл көрініске көңіл толқымай, жүрек шымырқанбай қарау мүмкін бе сірә?!

Қандай талауға түссе де, құлыны аман. Енесіне сол медет-ау?! Жарақаты да, басқасы да ананың құлынына деген махаббатына бөгет емес. Тәлтіректей әзер тұрса да, емірене иіп тұр. Баласы үшін ажалдан ана ғана қаймықпайды. Бауыр еті баласына қауіп төнгенде от жалынсыз, су ағынсыз анаға…

Қансыраған, өлі жүні ұйысқан көтерем бие… Алаңсыз құлын. Сұрықсыз сурет. Бірақ жүректі елжіретер көрініс. Ана махаббатының құдіретін жеткізуге сөз керек емес. Осы бір сурет жеткілікті. Бірақ жұмыр жердің бетіндегі ең жоғары даму сатысындағы тіршілік иесі саналатын адамның бәрі осы бие құрлы баласына қамқор ма? Қағынан жеріген ана, сәбиін қоқысқа тастаған бейбақтар да бар-ау арамызда…

Құлыны үшін шырқырай жанын беруге әзір болған биенің осы күйі көрген жанды сан түрлі ойға жетелегені анық. Құлынды биені аңдыған ажал да, ажалмен арпалысқан шайқас та, қорғаныш та, құрбандық та, мейірім де, махаббат та қатар көрініс тапқан кадр.  Жонын жұлдырып, қаны жоса боп, құлынына иіп тұрған  жануар дәл осы сәтте не ойлап тұр екен… . Мүмкін роман да жазылар талайдың жүрегін елжіреткен жыр толғаулар да жазылар… .  

…Тіршілік жалғасады… Аналардың арқасында… Тіршілік жалғасады… Ананың бауырында…

                                                                   Интернеттен алынды

Exit mobile version