— Алдымен Ақтөбедегі ахуал туралы айтсақ…
— Ақтөбе облысы бойынша маскүнемдікке шалдыққан адам саны көбеймесе, азайғанын көріп тұрған жоқпыз. Бұл бізді қатты алаңдатады. Науқастар арасында әйелдер, жастар да бар. Ересек адамдар да кездеседі. Өзім диспансерде көп жылдан бері жұмыс істеймін. Біз жас ерекшеліктеріне мән беріп, қарап отырамыз. Бұрын ересек адамдар көп түсетін болса, қазіргі таңда жастар, тіпті кәмелет жасқа енді толған адамдар бар. 20-45 жас аралығындағы жұмысқа қабілетті ақтөбеліктер көбейіп келе жатыр. Ішімдікке салынып кеткен адамдардың ағзасы уланатыны белгілі. Ішкі ағзалары созылмалы дертке шалдығып, жұмыс істеу қабілеті бұзылады. Содан психикалық тәуелділік туындайды. Адам жауапкершілікті жоғалтады, отбасы, бала тәрбиесіне салғырт қарап, жұмыс, әке-шешені ұмытады. Ұяттан, ардан аттап, толық ішімдікке тәуелді болады. Осындай адамдар бізге түсіп жатыр. Дерттің асқынуы да кездеседі.
Жас жігіттер мен қыздар арасында маскүнем атанып, соңғы сатыларына жеткенін көріп отырмыз. Салынып ішкен адамның ішкі құрылысы бұзылатыны рас. Бауыр, бүйрек, жүрек жұмысы өзгереді. Мұнда түскен адам емделіп шыққан соң учаскелік дәрігерге жібереміз. Олар үш жыл бақылауға алады. Бақылау кезінде де кейбір науқастар психикалық тұрғыдан өзін әлсіз сезініп, қайта ішімдікке салынып кетеді. Кейбірі токсикалық энцефалопатияға шалдығады. Ол дегеніміз — аяқ-қолдың шеткі қан тамырлары жүйесінің күрт төмендеуі. Бұл пациенттерді невропатологтармен қоса емдеп жатырмыз. Егер дер кезінде емдемесе, сал болып қалады, инсульттан кейінгі жағдайға түседі. Бұлшық еті солып, жүріп-тұруы тоқтап, адам кереуетке таңылады. Осындай деңгейге жеткен адамдар тума-туысын тыңдамай, үйде жатып ішіп, «қоя аламын» деп ойлап ауыр халде жедел жәрдем көмегімен жеткізіледі. Нарколог әріптестерімізден бірге отырып сөйлескен кезде 5-6 жылдықты салыстырамыз. Соңғы кездері біз арақтың улы әсерінің күшейгенін көріп отырмыз. Улы әсері күшті болған соң адам ағзасына қатты әсер етіп жатыр.
— Адам неге ішімдікке әуес болады?
— Әр түскен науқаспен сөйлесеміз. Психолог, психотерапевт мамандармен сөйлесу барысында қашан, неден басталғанын білеміз. Сұхбаттан кейін ғана ем тағайындалады. Пациенттер көбіне жұмыссыздық, отбасындағы кикілжіңді айтады. Кейбірі жұмыстағы қиындықтарды алға тартады. Жастар кезінде оқуға түсе алмай қалғанын, жұмысқа орналаса алмағанын айтады. Ата-анасы жұмыс істемейтінін алға тартып, ұрысады. Ал жас отбасы болса ұрыс-керіс кезінде «неге жүрсің, басқалар болса жақсы өмір сүріп жатыр» деп салыстырып, айқай-шу шығарады. Ақырында ішкілікке салынады.
— Ауқатты үйдің адамдары да ішіп кете ме?
— Барлық жағдай ақшаға қатысты болмайды. Әлеуметтік ахуалы жақсы, әке-шешесі бар, ақшасы бар адамдар да мұнда келеді. Олардан да себебін сұраймыз. Бәрі қалыпты болғанын, жарты жолда жаңа достар тауып, сондай ортаға түсіп кеткенін білмей қалады кейбірі. Кейін ғана қателігін түсінеді, ата-анасының тілін алмағанын біледі. Жастар арасында энергетикалық сусынды, арақты, сыраны да ішетіндер, араластыратыны бар. Салынып ішетін адам бір-бірін іздемей-ақ табады ғой. Дүкенде бәрі самсап тұр, тек ақша болса болғаны.
— Ішімдік ішіп, ауыр халге түскен адамдарды кімдер әкеледі? Өздері келе ме?
— Ең біріншіден, жедел жәрдем көмегімен келеді. Көп жағдайда солай түседі. Екіншіден, учаскелік нарколог дәрігерлер өздерінің мекенжайы бойынша көмек сұрап келген адамдарды жібереді. Ол кезде стационарлық емге жоспарлы түрде жіберіледі. Үшіншіден, учаскелік полиция бөлімдері жібереді. Отбасы, тума-туысы айқай-шудан, жанжалдан шаршап, полиция шақырады. Полиция қызметкерлері бізге әкеледі. Төртіншіден, өз бетінше іздеп келеді. «Дәрігер, көмек бересіз бе?» деп жолығады. Маскүнем болғанын түсініп, емделуге келеді.
— Әйелдер арасында осы дертке шалдыққандар көп пе?
— Жас ерекшелігіне қарасақ, 25-65 жас аралығындағы әйелдер түседі. Кейбірінің балалары сабаққа бармай, анасының арақ ішетіні сонда анықталады. Оларды инспекторлар әкеледі. Зейнетке шығатын жасқа жеткені, зейнеткерлер де бар арасында. Сөйлесеміз, психологтар әңгімелеседі, жеке сұхбаттасып, топтық психотерапия жүргізіледі. 40 жастан асқан әйел «кеудеде бос кеңістік бар сияқты, ешкім мені түсінбейді» деп айтады. Психологиялық тұрғыдан өзін әлсіз сезінеді, туыстарынан көмек күтеді. Күйеуінің назар аударғанын қалайды. Демек әйелдер гормоналды бұзылыс кезінде ішімдікке салынып кетеді. Дәрігер ретінде гормоналды өзгеріс болғанын, сол кезге тұспа-тұс келгенін ұғамыз. Мұндай жағдайда біздер күйеуімен, бала-шағасымен сөйлесеміз. Үйінде кім бар, соларды шақырамыз. Емдеу орнынан шыққан соң қандай көмек көрсетілетінін, қолдау жайын айтамыз. Ал жас, 25-тен асқан, 40-қа толмаған әйелдер жұмыссыздықты себеп қылады. Кейбірінің күйеуі вахталық әдіспен жұмыс істейді. Баласымен үйде қалады. Іші пысып, құрбыларын шақырып, отырады. Солай басталады. Ана екенін, жауапкершілікті айтамыз. Ондай әйелдер бар. Екінші рет қайталанса, инспекторлар ата-ана құқығынан айыруға өтініш береді, мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі. Екінші қабатта сондай адамдар ем қабылдайды. Арасында ішімдікке салынған жасөспірімдер кездеспеді.
— Ауруханада қанша күн жатып емделе алады?
— Ерікті түрде емделеді. Бірінше кезеңде 20 күн жатады. Науқастар мас күйде түскенде бізде дәрі қабылдайды. Кейде өздері екі-үш күн ішпей емделіп, ұйқысы қанбай, неше түрлі дауыс естиді. Оларды алкоголдік психоз деп айтамыз. Аяқ-қолы құрысады. Салынып ішкен адамда улану салдарынан болатын асқынулардың бәрі шығады. Асқынған кезде емдеп, ағзаны тазалап, қалпына келтіреміз. Егер пациентті шығаруға әлі ертелеу болса, келісіммен емді жалғастырамыз. Екінші кезең — медикоәлеуметтік оңалту. Бұл жерде пациентке психологиялық көмек көрсетіледі. Жеке, туыстарымен сөйлесіп, емдейді. Біз қоғамға қайта бейімделуге дайындаймыз.
— Ауылдан келе ме, қаладан көп пе?
— Қаладан келетіндер көп. Себебі аудандарда нарколог дәрігер бар. Олар да емдеп жатады.
— Проблеманы қалай шеше аламыз?
— Қазіргі кезде кішкентай балалардың өзі телефон қарап, ата-анасымен сөйлеспейді. Ата-анасы да жұмыстан келіп, тамақ ішіп, өз бөлмесінде телефон қарап жатады. Осының өзі қате. Отбасында бала тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Бұрын ата-ананың қасында жүріп, жұмысқа араласын едік. Қазір бәрі қолжетімді. Тамақты тапсырыс беріп алуға болады. Бәрі қолжетімді. Сөйтіп адамдар оңай өмір сүруге үйренді. Әрі қарай жұмыс істеуді, ойлануды білмейді. Кездесуге барады, онда көңіл көтереді, ішімдік ішеді. Арты емдеу орнына жетелейді. Бір-бірімізге көңіл бөліп, баланы ерте жастан тәрбиелесек, мұндай болмас па еді? Мектеп-колледжде мұғалімдер, оқытушылар балаға жақсы қараса дейміз. Олар да өз баласындай тәрбиелеуі керек. Мұғалімдер психологтар секілді балаларға көңіл бөсе, бәрі жақсы болады. Өзім рухани байлығымыздың азаюынан, адамгершілік мен жауапкершіліктің төмендеуінен деп ұғамын.
— Сізге қай пациенттің өмірі әсер етті?
— Пациент әртүрлі. Үлкендер баласының осындай күйге түскенін жалып отырып айтады. Жақында бір пациент болды. Жасы біразға келген. Ол соңғы бес жылда маскүнемдікке салынған. Күйеуі болған, бала-шағасы бар. Емделу керек дегенді түсінбеген. Бұрын «әке-шешеге қарау керек, сыйлау керек» деп айтатын. Қазір балалардың ата-анаға көзқарасы, сыйластығы өзгерді. Ол адамның балалары бөлек кетіп, басқа қалаға қоныс аударған. Күйеуі балаларымен бірге кеткен. Әйел осында қалған. Алғашында әйелдің бауырлары телефонмен хабар алып, байланысып отырады. Сөйлескенде ол өзін жинақы ұстаған. Шын мәнінде барлық уақытта ішіп жүрген. Ең соңында бауырлары іздеп, тауып алады. Емдеуге алып келіп, тапсырды. Әйелдер арасында алкоголизм тез белең алады. Оған екі жыл жеткілікті. Ер адамдарда 4-5 жыл. Манағы әйелдің аяқ-қолы жұмыс істемейді. Мойны қисайып, құрысып келді. Жүре алмайды, тек жатты. Невропатологтармен бірге ем қабылдады. Сөйлей алмады, сандырақтады, тумаларын танымады, атын да ұмытқан. Он күнде жақсы өзгерістер болып, аяғын басты, сөйледі. Тума-туыстары қуанды, пациентке қарап біз қуандық.
— Демек адамның өзі бар күшін салуы керек…
— Психикалық, психологиялық қолдау жасаймыз. Ертеңнен бастап жүресіз. Бүгін осындай жаттығу деп ескертеміз. Емнің нәтижесін біз де көруіміз керек. Екі жақ та ынталы болса, жетістікке жетеміз. Пациент маманның айтқанын тыңдап, тапсырманы бұлжытпай орындаса, науқас аяғынан тұрып, сөйлесіп, рахмет айтып кетеді. Өзіміз де қуанамыз.
— Ақтөбенің статистикасын айтсаңыз…
— Ақтөбе облысы бойынша ішімдікке тәуелді 3 мыңға жуық адам бар. Екі мыңнан астам нашақор тіркеуде тұр. Бұл дерек үнемі өзгеріп тұрады.