Site icon Мейірімді қоғам

Чемпиондар лигасы: «Барселона» «Баварияға» төрт жыл бұрынғы жеңілістің қарымтасын қайтарды

Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің үшінші турының екінші ойын күнінде Испанияның «Барселона» командасы Германияның «Бавариясын» тас-талқан етіп жеңді.

Екі команда бұған дейін 13 мәрте кездесіп, оның 3-де испаниялық клуб жеңсе, 1-уі тең аяқталып, қалғанында германиялық ұжым басым түскен еді. 2020 жылы Чемпиондар лигасы ширек финалында «Бавария» аталған қарсыласын 8:2 есебімен тізе бүктірген еді. Испаниялық жанкүйерлер өз командасынан сол кеткен есені қайтаруды сұраған еді.

Ойын барысында «Барселона» қарсыласынан жинақы қимыл көрсетті. Осының нәтижесінде олардың қатарынан Рафинья 1, 45, 56-минутта хет-трик жасаса, тағы бір голды Роберт Левандовски соқты. Оған «Бавария» сапынан Гарри Кейн 18-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша испаниялық клуб қарсыласын 4:1 есебімен жеңіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсарта түсті.

Сондай-ақ бұл күні Англияның «Манчестер Сити» клубы чехиялық «Спарта Прагадан» 5:0 есебімен басым түссе, португалиялық «Бенфика» Нидерландтың «Фейеноордына», испаниялық «Атлетико Мадрид» Францияның «Лилль» командасына 1:3, швейцариялық «Янг Бойз» Италияның «Интеріне», Германияның «Лейпцигі» англиялық «Ливерпульге» 0:1, австриялық «Ред Булл Зальцбург» Хорватияның «Динамо Загребіне» 0:2 есебімен жол берді.

Ал «Аталанта» (Италия) мен «Селтик» (Шотландия) 0:0, «Брест» (Франция) мен «Байер» (Германия) 2:2 есебімен тең түсті.

Еске салсаұ, 22 қазанда Чемпиондар лигасында «Реал Мадрид» «Боруссия Дортмундты» ірі есеппен жеңді.

Exit mobile version