Site icon Мейірімді қоғам

«Astana Open»: Елордада мәнерлеп сырғанаудан ашық чемпионат өтеді

Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов айтты.

 

Исламбек Баймановтың айтуынша, елордада биыл 648 спорттық іс-шара өткізілген.

«2024 жылдың дене шынықтыру-спорттық және сауықтыру іс-шараларының күнтізбелік жоспарына сәйкес, барлығы 816 спорттық іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін жоспарға сәйкес 648 іс-шара өткізілді. Олардың ішінде қысқы маусымның ашылуына орай ұйымдастырылатын дәстүрлі жарыстар бар»,- деді ол.

Астанада қысқы спорттық маусым алғашқы бұқаралық шаңғы жарысымен ашылады.

«Елордада қысқы спорт маусымын шаңғы тебу фестивалімен ашуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі ауа райын өздеріңіз білесіздер, қар жауған бойда, Астанада ерекше дәстүрге айналған шаңғы тебу жарысымен маусымымызды ашамыз. Жоспар бойынша бұл шара 16 желтоқсанға белгіленіп отыр. Шаңғы жарысы әртүрлі жас ерекшеліктеріне арналған және 500 метрден 2,5 шақырымға дейінгі қашықтықта Ботаникалық бақ аумағында өтеді. Сонымен қатар, фестиваль аясында шаңғы жарысымен қатар, гір тасын көтеру, қол күресі, арқан тартыс және белбеу күресі секілді спорт түрлерінен де жарыстар ұйымдастырылады»,- деді Исламбек Байманов.

Күнтізбелік жоспарға сәйкес, желтоқсан айында мәнерлеп сырғанаудан Астана қаласының «Astana Open» ашық чемпионаты ұйымдастырылады. Жарысқа қаланың барлық спорт ұйымдары мен Қазақстанның барлық аймақтарынан қатысуға болады. Сонымен қатар Астанадағы Alau мұз сарайында жекелей дистанцияда конькимен жүгіру спортынан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді.

Желтоқсан айының басында дәстүрлі «Astana Open» ашық қалалық чемпионаты өтеді, ол Дүниежүзілік конькимен сырғанау күніне арналған. Бұл айтулы чемпионат Қазақстан Республикасында конькимен жүгіру спортын одан әрі дамыту, жалпы білім беретін мектеп оқушыларын дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуға тарту мақсатында өткізіледі,- деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары.

Exit mobile version