Мүмкіндік болғанда ғана әр нәрсенің сәті болады. Мүмкіндік –бұл философиялық тұрғыда терең ұғым. Дәл осы мүмкіндікті пайдалана алмасақ бәрінен кеш қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені бүгін бір тұтас халық, мемлекет түгіл бүкіл әлем тығырыққа тірелді. Дүние жүзі халқы аса ауыр жағдайға тап болды. Бұрын әлемді жайлаған аштық, неше түрлі дерт-аурулардан қорқушы еді, енді мына заманның қырғын соғысын, тіпті әлемнің өзін құртып жіберетін жүздеген қару-сайманның түрлерін естігенде адамдардың сай сүйегі сырқырайды. Адамдар табиғатты қойып, Иманул Канттың айтқанындай бір-біріне «қасқыр» болды. Жер бетіндегі әділетсіздік, бей-берекетсіздік, қатыгездік, өшпенділік, көралмастық, бақталастық, жемқорлық, қанаушылық шегіне жетті. Әсіресе адамдар арасында адам төзгісіз азғындық пайда болды. Адамзат баласына бататыны да осы. Неліктен пайда болғаны да түсінікті. Қысқасы адамзат баласы пышақтың жүзінде тұр. Олардың ертең бар, не жоқ болатынына ешкімнің көзі жетпейді. Сондықтан адамзат баласының алдағы жолын ашуға байланысты Үзбен Құрманбайұлының ешбір артық ауыссыз жазылған бұл еңбегі ескерусіз қалмайтыны анық. Тек кәдеге жаратуымыз керек. Егер кәдеге жарата алсақ, жоғарыдағы қиындықтардан ешбір бөгетсіз шығатынымызды кітап авторы жан-жақты дәлелдеп, адамзат баласына тірліктің жаңа жолын ашып отыр.
Он сегіз мың ғаламдағы тірлік иелерінің ең ақылдысы да және «мақұлығы» да адам екенін жақсы білеміз. Өйткені мынау әлемдік жаратылысты танып білуге деген ұмтылыс, құлшыныс адам баласына ғана тән. Сол арқылы адамзат жаратылғаннан бергі сан мың жылда ғылым, білімнің небір құпияларына мұқият үңіліп, саналы түрде зерттеп, ғажайып жетістіктерге жетті. Жер дүниені ғана емес, аспан әлеміне зер салып, шексіз әлемнің қияндарын бағындыруға құлаш сермеді. Адамның өзге хайуандардан тағы бір ерекшелігі – осының бәрін күллі адамзаттың болашақта бай да бақытты өмір сүруіне жол ашу үшін әрекеттенуі.
Бұған мың жылдың арғы жағында өмір сүрген Аристотельден бастап, өз бабамыз Әл-фараби сияқты ондаған ғұламалардың еңбектері куә. Бергі тарихқа келсек, сонау ХV ғасырдағы Томас Мор, Томмазо Кампанелла сияқты Италия ойшылдары қоғамда адамдардың жақсы өмір сүруіне, бостандығына кедергі келтіретін өз дәуіріндегі қоғамдық құрылымды кемелдендіруге қатысты ұсыныстары дәлел.
Бірақ күллі адамзат баласын біртегіс бақытты еткен, теңдік орнатқан ешкім жоқ. Олардың күресі арқылы қоғамдық құрылыс өзгерсе де бірінен-бірі сорақы, сұрқия қоғамдар пайда болып, үстемдік құрды. Олар адамзат баласының басым бөлігін езгіде ұстап, қырып-жойып бүгінге жетті.
Әлемдік бүгінгі ахуал қандай? Салыстырып айтсақ, адамзат баласының алтын бесігі, жер-әлем төңкеріліп, құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Әлемде адамзат баласы бір-бірімен тату, тең құқылы, еркін, жырғаулы ғұмыр сыйлайтын, қазақша айтқанда «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» қоғам құру қолымыздан неге келмейді? Неге!?
Жоқ! Қолымыздан келеді. Қалай келеді? -Ендеше қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлының қолыңыздағы шағын еңбегінің жілік майын шағып отырып оқыңыз. Көлемі шағын болса да, көтерген ойы шарықта. Кітап «Мейірімділік заңдылығы, бұл– бақыттың жолы» деп аталады. Немесе адамзат баласының ақ жолы деуге де болады. «Бақыттың жолын бәріміз армандаймыз, жақсы білеміз, мейірімді де білеміз, бірақ осы еңбектегі «мейірімділік» мүлдем басқаша. Еңбек иесі «Мейірімділік заңдылығы» деп жаратушыны меңзеп отыр. Бұл бұрынғы-соңғы философиялық еңбектерде кездесе бермеген жаңа тіркес. Бір сөзбен айтқанда әлемдік ауқымда тың идея туындап отыр. Әлем халқы аңсаған, біз аңсаған, атазаңымызда айшықталған «Азаматтық қоғамға» жетудің жолын «мейірімділік заңдылығы» өзі ашып беретінін тайға таңба басқандай дәлелдепті. Бұл еңбекте автормен журналист Сұнғат Әліпбайұлының жасаған сұхбатына ерекше назар аударыңыз. Журналист сұрақ қана қоймаған, бұрап та көрген. Алайда автор мүдірмей дәйекті, салиқалы жауап берген.
Еңбектің басты идеясы – таным. Автор біз күні бүгінге дейін жаратылыстың қалай жаратылған заңдылығын танып білген жоқпыз. Білмеуіміздің басты себебі ғылым дінді мойындаған, құрметтеген сыңай танытқанымен, он сегіз мың ғаламды Жаратушы Алла жаратқанын мойындамауы. Ғылым мен діннің арасындағы біртұтастықтың жоқтығы. Қысқасы Алланың өзі – мейірім екенін түсінбеу. Автордың өз сөзімен айтсақ: «Он сегіз мың ғалам «бармақтай заттан да», жойқын жарылыстан да» жаралған жоқ, егер жаралды деп көрсе, Алланың қалауымен болды. Жаратылыс Алланың мейірімінен жаратылды, сол жаратылысты үйлестіріп, ұштастырып, сәйкестіріп, басқарып тұрған ұлы күшті Алланың мейірімділік заңдылығы деп атаймыз» дейді қорытынды ретінде. «Қысқасы жаратылыстың белгілі бір құбылыстарын танып білу бір басқа да, танымның шегіне жету, Алланың өзін тану бір басқа. Ғылымның бүгінгі шексіз жетістігінің өзі жаратушы Алланы танып білуге дәрменсіз. Алланы танып білу мүмкін де емес. Өйткені ғылымды ойлап тапқан – адам. Ал адам – Алланың құлы. Алла құлдарына өзін толық танып білетін қабілет бермеген. Егер берген болса пенденің біразы мен құдаймын деуден, құдайдан да асып түсіп, бәрін өзім білем деулері әбден мүмкін деген пәтуаны алға тартады. Ойлап қараңыз, бүгінгі таңда алпауыт мемлекеттердің басшылары дәл солай. Аранын ашқан олигархтар нәпсісін тыя алмайды. Олар өздерін құдайдай сезінеді. Мұны қазақта «құдайдан қорықпағандардан қорқ, мейірімсіздерден түңіл» деген екен.
Міне, автордың тілге тиек, түйін етіп отырған, біз ерекше мән беріп, шұқшиып отырған «Мейірімділік заңдылығын» бүгінге дейін ойшылдарымыздың, қоғам танушы ғалымдарымыздың ескерусіз қалдырғанына Үзбен Құрманбайұлы таңданыспен қарайды. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» екенін долбармен емес, ұлы ғалымдардың еңбектерін зерттеу арқылы, ғұлама ғалым Альберт Эйнштейн, ойшыл жазушы Лев Толстой, тіпті ислам даналары Әл-фараби, Ибн Сина, орта ғасырдағы Еуропа ғалымдарымен діндарларын мойындатып батыстық схоластикаға әсер еткен ғұлама Әл-Ғазали, бүгінгі таңда Нью-Йорктегі Колумбия университетінде дәріс оқитын ливандық ғалым Д. Салиба сияқты дін мен ғылымды ұштастыра білген тұлғаларды терең зерттеу арқылы мұндай байламға келген. Абай атамыздың бірауыз сөзіне тоқталған. Өйтсе, адамзат алдындағы бақыттың ендігі жолы– мейірімділік заңдылығында екенін мойындау. Осы тұрғыда ғалымдар бұл ғылымды жете зерттей отырып, тірліктің нақты көзі дәл осы мейірімділік заңдылығында жатқанына көздерін жеткізуді ұсынады.
Автор өз еңбегінде осы заңдылықты жүзеге асыру қазақ халқының қолынан келетінін, бүкіл әлем халқының жолын ашатынын, қазақ халқы әлемдегі ең мейірімді халықтың бірі екенін нақты пайымдармен дәлелдейді. Қазақ әубастан, тіпті жаратылысынан жаратушысын танып білген халық екенін тілге тиек етеді.
Сондай-ақ еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан қоғамын түбегейлі өзгерту жолындағы «Жаңа Қазақстан, Әділетті мемлекет» саясатымен ұштастырады. Біз тәуелсіздік таңында әлемдегі қалыптасқан демократиялық жүйені таңдадық. Мұны ешкім теріске шығара алмайды. Алайда біздің бүгінгі бағдар тұтып отырған демократия, адам құқы, еркіндік — мұның бәрі абсолюттік дүние емес екенін әлем философтары баяғыда-ақ мойындаған. Сондықтан бұл саясатты толық жүзеге асырудың жолы халқымыздың бойындағы керемет қасиетте жатқанына маңыз беріп, халқымыздың рухындағы мейірімділік заңдылығы негізінде өрбуі керек екенін алға тартады. Қысқасы, өз еліміздегі бүгінгі бетбұрысты мейіріммен ұштастыру, ол үшін мемлекеттегі басшылық қауымды ауыстыра беру емес, қоғамды бастап тұрған саясатты өзгертуді дұрыс дейді. Мемлекетіміз «мейірімділік заңдылығын» өз саясаты ретінде ұстанса ғана қоғам тығырықтан шығады, халқы тынышталады, адамдар байлық пен бақытқа кенеліп, қорқынышсыз тірлік ететінін жан-жақты дәлелдеп отыр. «Мейірімділік заңдылығының» ең кереметі қоғамда адамдар арасында мейірімділік қатынас пайда болдырады деп көріп, осыған адамзат баласын асығуға үндеп отыр. Бұл тек рухани тұрғыда жасалатын өзгеріс дейді. Ал экономикалық тұрғыда нарық заңдылығына сүйене береміз. Халықаралық қатынаста бүгінгі дипломатиялық сыйластық, достық қатынасымыз бәр-бәрі сақталады деп көреді. Ізгіліктің бұл жолын ең алдымен басшыларды және адамдарын бір-біріне мейірімділікке шақырған Президентіміздің жалғыз ауыз жылы сөзімен бастаймыз дейді кітап авторы. Сол сәттен бастап тек Қазақ елі ғана емес бүкіл әлем елдерінің жолы ашылатынына сенімді. «Адамзат баласы бір-біріңді жақсы көріңдер!», деп аяқтаған бұл еңбектің пайдасы ұшан теңіз.
Пікір ұсынған:
Ақын-жазушы, композитор ,ҚЖОдағының мүшесі
Ерқожа Тилепбердиев