Site icon Мейірімді қоғам

Ұлттық академиялық кітапханада Үзбен Құрманбайұлының жаңа кітабының тұсаукесері өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі жазушы әрі публицист Үзбен Құрманбайұлының «Менің Астанам ғажайып қала!» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер расімін ақын, ҚР Көші-қон туралы Заңының авторы Әкім Ысқақ тізгіндеді. Іс-шараға еліміздің мәдениет және әдебиет саласының өкілдері, жас жазушылар, оқырмандар және БАҚ өкілдері қатысты.

Кітап автор Кітап Үзбен Құрманбайұлы – Моңғолия Республикасына еңбек сіңірген қайраткер, Баян-Өлгий аймағында туып-өскен және сол өңірдің «Құрметті азаматы». Автор кітапта астананың қалыптасуы мен дамуын, оның мәдени және тарихи маңызын, сондай-ақ қаланың ерекше рухын көркем тілмен бейнелеген. «Менің Ғажап Астанам» туындысы тек қаланың тарихын баяндап қоймай, оның болашағына деген автордың терең сенімі мен махаббатын да айқын көрсетеді.

Тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген автор шығармашылық үдерісі мен кітаптың идеясы туралы айтып берді. «Бұл кітап – менің туған қалама деген шексіз алғысым мен құрметімнің көрінісі. Астана – тек әсем қала емес, сонымен қатар ұлттық мақтанышымыздың символы», – деді Үзбен Құрманбайұлы.

Іс-шара барысында қонақтар кітаптан үзінділер тыңдап, автормен тікелей сұхбаттасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, жас әдебиетшілер мен студенттер қаламгерден шығармашылық кеңестер алды.

Кеш соңында Ұлттық академиялық кітапхананың директоры кітаптың ел әдебиеті мен мәдениеті үшін маңыздылығын атап өтіп, авторға алғысын білдірді. «Бұл кітап оқырмандардың елордамыз туралы танымын кеңейтетіні сөзсіз. Оның рухани маңызы зор», – деді ол.

Үзбен Құрманбайұлының «Менің Ғажап Астанам» кітабы оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырып, елордамыздың әдеби шежіресін толықтыратын маңызды туынды ретінде бағаланды.

Exit mobile version