Site icon Мейірімді қоғам

17 қараша – Халықаралық студенттер күні

Студенттік кезең адам жадында ерекше естеліктерімен жатталады. Өмірінің жаңа кезеңіне қадам басқан жастар білім алумен қатар, өмірдің ақ-қарасын ажыратуға үйренеді. Қызығы мен шыжығы мол студенттік шақты бастан өткеру – үлкен бақыт.

Арман қуып, өзге өңірден елордаға келетін жастардың легі өте көп. Бүгінгі таңда Астананың үштен бір бөлігін жастар құрайды. Студенттердің  қолжетімді әрі сапалы білім алуы, жұмысқа орналастыру, жас отбасылар мен жұмыс істейтіндерді баспанамен қамту, бос уақытын тиімді ұйымдастыру секілді жұмыстармен Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасы айналысады.

«Бүгінгі таңда елордада 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны – 455 мың адам. ЖОО-да 95 мың студент бар. Олардың шамамен 40 мыңы – өзге қаладан келгендер. Оған қоса, 3894 шетелдік студент ЖОО-да блім алады», — деді Бағдат Атымтай.

Елордада  әсіресе студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жүйелі түрде іске асырылып жатыр.

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының балансында 43 студенттік жатақхана бар.

Бөлім басшысының айтуынша, студенттік үйлерді салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

«Бүгінгі таңда 1300 төсекке арналған 4 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін   3 300 төсек-орынға арналған тағы 3 жатақхананы тапсыруды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Астана қаласының әкімдігі жоғары оқу орындарына студенттерге арналған жатақханалар салу үшін жер телімдерін бөлд. Олар қаланың бірнеше ауданында орналасқан. Бұл шаралар 2025 жылы студенттік жатақханаларға қажеттілікті толықтай төмендетуге мүмкіндік береді», — деді бөлім басшысы.

Студенттердің қауіпсіздігі басты назарда. Жатақханада турникет пен бейнебақылау камералары бар. Өрт қауіпсіздігіне арналған дабыл түймелері де қарастырылған. Студенттер үшін  коворинг-аймақтар,  медициналық кабинет, фитнес-зал, кір жуатын орын және т.. бар.

Сонымен қоса жастарды жұмыспен қамту бағытында Еңбек мобильдігі орталығымен бірлесіп бірнеше бағдарлама жүзеге асырылып отыр, Атап айтсақ, Жастар практикасы, Қоғамдық жұмыстар, Алғашқы жұмыс орны және т.б.

Қазіргі уақытта Астанада 10 мыңнан астам жас жұмысқа орналасқан. 

«Жасыл ел» жобасы бойынша жазғы маусымда 4200 адам жұмысқа тұрды. NEET категориясындағы жастармен жұмыс жүргізілуде. NEET категориясы – бұл оқымайтын және жұмыс істемейтін жастар. Қазіргі таңда NEET категориясындағы жастардың үлесі 6,4% немесе 27 866 адамды құрайды», — деді ол.

Оның айтуынша, Астана қаласы әкімдігі жүзеге асырып отырған JOLTAP жобасы аясында жастар екі қолға бір күрек тауып, қаржылық жағдайын жақсартып, жаңа мамандық игеріп жатыр.

«Шамамен 5 мың азамат өтініш беріп, мемлекеттік қолдау шаралары, жұмыспен қамту мүмкіндіктері, қысқа мерзімді кәсіби мамандықтар мен цифрлық дағдылар бойынша кеңес алды», — деді Б.Атымтай.

Астаналық жастар цифрлық және жұмысшы мамандықтарын оқып, сертификат алды. Қатысушылардың біразы техникалық мамандықтарды игерсе, ендібіреулері цифрлық саланың тілін меңгеріп жатыр.

Сөз соңында бөлім басшысы мерекеге орай студенттерге жылы лебізін білдірді.

«Құрметті студенттер! Сіздерді Студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл   –  ерекше күн. Бұл  – білімге деген ұмтылыс, жаңа жетістіктер мен болашаққа деген сенімнің символы. Өміріңізде әрбір сәтті, әрбір сабақта жаңа білім мен тәжірибе жинап, арманға жетуге қадам басатын кезеңдеріңіз болсын! Сіздерге шығармашылық табыс, денсаулық, күш-қуат және өмір жолында тек жарқын сәттер тілеймін. Ұстаздардың берген білімін іргетас етіп, үлкен өмірге, ғалымдық жолға, кәсіпкерлік әлеміне батыл қадамдар жасаңыздар!Білім жолындағы еңбектеріңіз жемісті, арман-мақсаттарыңызға жету жолыңыз ашық болсын!», — деп сөзін түйіндеді Бағдат Атымтай.

Халықаралық студенттер күніне орай Астанада Жастар саясаты мәселелері басқармасы жыл сайынғы «Jastar Jalyny-2024» студенттік фестивалін ұйымдастырды. Іс-шараның ашылу салтанатында студенттер өз оқу орынын таныстырды.

«JASTAR JALYNY» фестивалі жастардың шығармашылық әлеуетін ашу, дарынды жастарды анықтау, дарынды балалар мен ұжымдардың шығармашылық дамуына қолдау көрсету және жағдай жасау, рухани әрі мәдени әлеуетін дамыту, студенттерге эстетикалық және этикалық тәрбие беру жүйесін жетілдіру, азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, адамгершілік құндылықтар мен көшбасшылық қасиеттерді арттыру мақсатында өткізіледі.

Exit mobile version