Site icon Мейірімді қоғам

Зерттеушілер Жошыны қазақ хандығының негізін салушы ретінде бағалайды — Сәбит Жәмбек

Зерттеушілер Жошыны біртұтас қазақ хандығының негізін салушы тұлға ретінде бағалайды. Барша қазақ хандары мен сұлтандарының арғы атасы, қазақ халқының құрамындағы төре әулеттерінің түп бабасы, қазақ тарихында өшпес із қалдырған, абзал да айбынды ұрпақ берген Жошы есімі өзіміздің төл тарихымызда аса әспеттеліп, ұлықталуы қажет. Бұл туралы өзінің ойымен Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің профессоры Сәбит Жәмбек бөлісті.

Профессордың айтуынша, қазақ тарихында есімі ерекше тұлғалардың бірі — Жошы хан. Протоқазақ (арғы қазақ) мемлекетінің түпкі бастауында да осы Жошы хан тұр. Ол — Шыңғыс ханның қоңырат қызы Бөртеден туған төрт ұлдың үлкені. Шыңғыс ханның Бөрте бәйбішеден туған төрт ұлы: Жошы, Шағатай, Үгедей, Төле өз заманында аты шыққан, ханның сайыпқыран ұлдары еді. Жошы — Шыңғыс хан жорығынан кейін қазақ даласында құрылған Жошы ұлысының негізін салушы. Өз дәуірінің ержүрек, алған бетінен қайтпайтын қайсар тұлғасы болған. Әкесі Шыңғыс ханның әскери жорықтарының бәрінде жаужүрек баһадүр, аса талантты, ірі әскери басшы ретінде танылған. Қаһарлы қағанның батысқа жасаған жорықтарын басқарып, Оңтүстік Сібірді, Алтайды, Жоңғар даласы мен Шығыс Түркістанды мекендеген көптеген тайпаны бағындырып, Жетісу өңірін алады.

Жошы 1211-1215 жылдары Шыңғыс ханның Қытайды жаулау жорығына қатысады. 1218 жылы Жошы өзіне берілген қалың түмендерді бастап Қыпшақ жеріндегі Ырғыз даласында Хорезм шахтың 60 мыңдық әскерімен шайқасқа түсіп, күштің тең еместігіне қарамастан өзінің қолбасшылық әскери дарынымен ерекше көзге түседі. Ашық шайқаста Хорезм шах әскері жеңіліп, өз жерлеріне шегінеді.

Жошы басқарған әскер әрі қарай Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Аспас, Жаңакент шаһарларын тізе бүктіріп, жыл өткеннен кейін Хорезм мен Түркістан өңірлеріне иелік етеді. Шыңғыс ханның шақыруымен келер жылдың көктемінде Сайрам мен Таластың арасындағы Құланбасы жазығында өткен құрылтайға қатысады. Алып империя құрған Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін ұлдарына енші қылып бөлгенде Жошының еншісіне Ертістен бастап Орал тауының аралығына дейінгі жерлер тиеді. Жошының орда тұрағы Ертіс өзенінің бойында орналасқан.

Жошының қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған тұлға екендігі жайында тарихшылар С.Г. Кляшторный мен Т.И. Сұлтанов былай деп жазады:

«Джувайнның айтуынша, Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының жер үлесі, Ертістің батысында, Қаялық (Жетісу) пен Хорезм шекарасынан бастап, Саксин мен Болгар жерлеріне дейін, яғни татар жылқыларының тұяғы тиген жерлерді алып жатты. Осылайша, Қазақстан аумағы үш моңғол ұлысының құрамына кірді: көп бөлігі – елдің солтүстігіндегі дала кеңістігі және Ертістің жоғарғы ағысынан Алкөлге дейінгі аралық, сондай-ақ одан әрі батысқа қарай Іле және Сырдария өздендеріне дейінгі жер Жошы ұлысының құрамына кірді. Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысы, ал солтүстік-шығыс жерлері — Өгедей ұлысының иелігінде болды. Біз үшін Жошы ұлысының қызық, өйткені дәл осы аумақта қазақ мемлекеттілігі қалыптасып, дамыды».

Ертістен Атырауға дейінгі кең байтақ жерде кейінгі Көк Орданың негізі болған Дешті қыпшақтың ұлы ұлысын құрды. Шағатай Орта Азиядағы иеліктерге қожалық етті. Ел тарихын зерделеп жүрген әдебиетші-ғалым Тұрсын Жұртбай Жошының қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрғанын: «Қалай дегенмен де, Жошы Шыңғыс ханның ордасынан бөлініп қалды да, Дешті қыпшақтағы түркі тілдес тайпалардың басын қосып, тәуелсіз дербес мемлекет құруға кірісті. Бұл бүгінгі қазақ жерін қамтитын ұлыс еді. Сондықтан да зерттеушілер бірауыздан Жошыны біртұтас қазақ хандығының негізін салушы адам ретінде бағалайды», — деп көрсетеді.

«Негізінен Жошының өмір жолына қарап отырсақ, оның әкесі Шыңғыспен екеуінің арасындағы көптеген қайшылықты жайлардың болғандығын ел арасындағы әңгімелер мен зерттеушілер еңбектеріндегі жазбалардан байқаймыз. Ол — Жошы өліміне қатысты аңыз-әңгімелер мен тарихшылар қалдырған жазбаларда айқын байқалады. Тарихшы Жүзбани: «Жошы қыпшақтардың жері мен суы, ауасын көрген кезде, дүниеде бұдан артық жердің, бұдан артық саф ауаның, мөлдір судың болуы мүмкін емес екенін ұғып, қыпшақтарды жақсы көріп кеткені сонша, өзі осында қалып, бұл елді бүліншіліктен азат етуге бел байлаған. Ол өзінің пікірлес адамдарына: «Шыңғыс қаған, сірә, алжыған, өйткені осыншама жерді ойрандап, мұнша халықты қырғынға ұшыратты. Сондықтан мен аңға шыққан кезде әкемді өлтіріп, мұсылмандармен одақ құратын шығармын», — дегенді айтқан. Оның бұл ойын Шағатай сезіп қап, әкесіне жеткізген де, әкесі оған білдірмей у беріп өлтіруге әмір еткен“ деп жазды», — дейді Сәбит Жәмбек.

Айтуынша, айбынды ханзада Жошыға қатысты әңгімелерде оның әкесі Шыңғыстың өзге балаларымен өткізген құрылтайға қатыспай қалғаны да айтылады. Сонымен бірге Шыңғыс пен Жошы арасындағы қайшылықта, Жошының болмысы, қыпшақ тайпаларына көзқарасы, ішкі мүддесі, көздеген мұраты Тұрсын Жұртбайдың аталмыш еңбегінде былайша беріліпті: «Қаһарынан қар еріп, заһарлы деміне мұз қатқан қағанның қарғысынан қорықпай құрылтайға да қатыспай, дараланып, қалған Жошының бұл қарсылығының орынды себептері де бар еді. Ержүрек, алып күштің иесі, зерек те білімді, әділ Жошының шешесі Бөрте қоңырат қызы еді және ол тұңғыш ұлына меркіт тайпасының ішінде тұтқында жүргенде жүкті болған еді. Өгей ұлды өкпеге теппесе де, өзегін үзіп бермеген Шыңғыс оны сынау үшін және түркі тілді жұртқа өшіктіру мақсатымен біресе меркіттерге, біресе найман мен керейге, ең соңында қыпшақтарға қарсы соғысқа айдап салды. Қағандық мүддені көздеген Жошы жанын аямады, үнемі жеңіске жетіп отырды. Сондықтан да қатал әке оған қастандық жасамады әрі қалған ұлдарының шешесі Бөртенің көңілін қимады. Ақылы толып, өз еркін билей бастаған кезден былай Жошы қантөгіске қарсы шығып, жаулап алған елін жаппай қырып салмай, мәмілемен көндірді және қалаларды қиратпады. Өзі білім жолына құмартты. Бірақ Шыңғыс оған кітаптың орнына қалқан, қаламның орнына қылыш ұстатты».

«Қазақ арасында Жошының өлімі жөнінде әр түрлі әңгіме тараған. Оның бірінде — Жошы аң аулап жүргенде, жараланған құланның айғыры шайнап өлтірді десе, ал екіншісінде аттан құлап, мойны үзіліп өлді делінеді. Үшінші бір әңгімеде жеке билікке ұмтылып, әке ырқына көнбей, асаулық танытқан ұлын Шыңғыс арнайы жендеттерін жіберіп, бел омыртқасын үздіріп өлтіріпті-мыс делінеді. Бұл жайтты ғалым-жазушы М. Мағауин: «Шыңғыстың үлкен ұлы Жошы аңда жүргенде қаза болған. Мазары Қарағанды облысының территориясындағы Кеңгір өзенінің бойында тұр. Күні бүгінге дейін күйшілер Кет-Бұғаның Жошы өлімін естіртуі деп «Ақсақ құлан, Жошы хан» атты күй тартады. Қазақ шежірелерінің айтуынша, найманның бір бұтағы Балталы — осы Кет-Бұғадан тараған ұрпақ. Халық өлеңдерінде Кет-Бұқа ескіде өткен батагөй ақсақал ретінде еске алынады», — деп жазады. Осындай аңызды ортағасырлық «Шаджарат аль-атрак» (түріктер шежіресі) атты парсы тілінде ХV ғасырда жазылған тарихи еңбектен де кездестіруге болады», — деп толықтырды профессор.

Ол атап өткендей, мұнда Шыңғыс ханға Жошы өлімін естіртуші Кет-Бұға есімі Ұлы жыршы, кейде Аталық жырау деп беріледі. Осы аңыздардың барлығының мазмұндары бірдей болып келеді.

«Қалай десек те Жошы хан қазақ даласында, Ұлытау жерінде өлгені айқын. Оның дәлелді айғағындай, баба тарихтың куәсіндей, көне заманның көзіндей, ескерткіш боп, Жезқазған қаласынан 45 шақырымдай жерде Кеңгір өзенінің сол жағасында Жошының ескі мазары сол күйінде әлі тұр. Қазақ мемлекеттілігінің бастауында тұрған, барша қазақ хандары мен сұлтандарының арғы атасы, қазақ халқының құрамындағы төре әулеттерінің түп бабасы, қазақ тарихында өшпес із қалдырған, абзал да айбынды ұрпақ берген Жошы есімі өзіміздің төл тарихымызда аса әспеттеліп, ұлықталуы қажет деп ойлаймыз», — деп түйіндеді Сәбит Жәмбек.

Айта кетсек, Алматыда Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық конференцияда Торонто университетінің ғалымы Джю-Юп Ли «қазақтарды Жошы хан құрған ұлыстың негізгі мұрагері деуге болады» деп пікір білдірген еді.

Exit mobile version