Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында жазды.
«Биыл рекордты көлемде мектептерді қолданысқа береміз. Мәселен, оқу жылының басында 15 мектеп есігін айқара ашты. Олардың тоғызы – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында.
Аталған оқу орындары екі ауысымда 28 мың оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді. Жаңа мектептердің арқасында 3 ауысымды 5 мектептің және тығыздалығы жоғары 4 мектептің қиындығы шешілді», — деп жазды Ж.Қасымбек.
Елорда әкімі мектеп құрылысына жеке инвестициялар тартылатынын атап өтті. Мысалы, «Сәби» қайырымдылық қоры қалаға жаңа мектеп («Барыс Аренаның» артында) сыйға берді. Ғимарат №9 «Зерде» мамандандырылған лицейіне берілді.
«Жыл соңына дейін тағы 8 мектеп ашуды жоспарлап отырмыз. Олардың алтауы – «Жайлы мектеп» жобасы бойынша. Мектептер қаланың барлық ауданында орналасқан. Біз сол сияқты алдағы жылдарға да дайындалып отырмыз», — деді әкім.