Алматыда Жаңқош Тұраровтың адвокаты Самат Мамутов баспасөз конференциясын өткізіп, қазақстандық боксшыға тағылған айып туралы сұрақтарға жауап берді.
— Зорлық бойынша тіркелген қылмыстық іс жабық түрде қаралады. Азаматша Әнару Құрманәлінің арызында көрсетілген деректер толығымен тексеріледі және заң органдары оған баға береді. ҚР ҚПК 201-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру деректерінің жария етілуіне жол берілмейді, – деді ол.
Сондай-ақ, Жаңқош Тұраровтың адвокаты спортшының өзі алдағы жекпе-жегіне дайындалып жүргенін айтты.
— Жаңқош 28 қыркүйек күні Алматы қаласында өз белбеулерін қорғайды. Қазір осында жаттығу жасап жүр. Бүгінгі конференцияға келгісі келген. Бірақ жақында болатын өзінің жекпе-жегіне дайындалуы керек. Сондықтан осы сұхбатты мен беремін деп шештік, – деді ол.
БАҚ өкілдерінің сұрағына жауап берген Самат Мамутов боксшы мен оған арыз беруші интернет арқылы өзара таныс болғанын растады.
— Жанқош пен арыз беруші интернет желісінде хабарласқаны бар, оны жоққа шығармайды. Екеуі әлеуметтік желіде ғана таныс болған. Бірақ ҚР ҚПК 201-бабы бойынша басқа деректерді мен жария ете алмаймын, – деді адвокат.
Еске салайық, қазақстандық боксшыға қыз зорлады деген айып тағылды.