Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысының Арқалық қаласында және Жамбыл облысының Тараз қаласында тағы екі жайлы мектеп ашылды.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Арқалықтағы мектеп 300 орынға арналған, онда балалардың бойында зерттеушілік дағдыларын қалыптастыру мақсатында заманауи жабдықтармен жарақтандырылған 26 оқу кабинеті бар.
Айта кетейік, мектепте оқушылардың IT-құзыреттілігін, ғылыми және шығармашылық әлеуетін қолдау үшін заманауи робототехника кабинеттері, компьютерлік сыныптар және STEM-зертханалары да қарастырылған. Жуырда осы өңірдің Заречный ауылында да жаңа жайлы мектеп қолданысқа берілген болатын.
Тараз қаласында да 1200 орындық жайлы мектеп оқушыларға өз есігін айқара ашты. Мектеп ғимаратында мәжіліс залы, 60-қа жуық оқу кабинеті, асхана, 2 спорт залы, 2 лингафон кабинеті, 3 зертхана, кітапхана, компьютер залдары, сонымен қатар 3 шеберхана мен 10 коворкинг-орталық бар. Бұл Жамбыл облысында ашылып отырған екінші жайлы мектеп.
Жыл басынан бері елімізде 84 мың оқушы орнына арналған 32 жайлы мектеп ашылды.