ҚазАқпарат – Банктерге қатысты салық мөлшерін қайта қарау керек. Бұл туралы белгілі саясаттанушы, сарапшы Талғат Қалиев айтты.
«Саяси реформалар тұрғысынан алып қарасақ, аудан және облыстық деңгейдегі қалалардың әкімдерін сайлауды енгізу маңызды саналады. Бұл бастама Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында айтылған еді. Атап айтқанда, бұл бағыттағы қадамдарға талдау жасалып, оның нәтижесі оңтайлы деп танылды. Сондықтан осы институтты жергілікті жерлерде енгізу шешімі жасалды. Жалпы, бұл шешімді өте маңызды санаймын, себебі азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді», — деді Т. Қалиев
Бұдан бөлек сарапшы Президент Жолдауында банк секторына қатысты айтылған ұсыныстарға тоқталды.
«Еліміздегі банктер экономиканың нақты секторына несие бөлу бағытында бизнеспен белсенді жұмысын жандандыруы тиіс. Мәселен, шетелдегі ірі банктер бизнестің дамуына ерекше мән беріп жатыр, яғни олардың табысты инвестиция салуына қолдау жасап, бизнес жоспарды даярлауға атсалысып отыр. Оларға өздерінің клиенттерінің дәулеті артқаны тиімді. Бұл тұрғыда біздің де банктер осы жағынан белсенді болуы керек», — деді саясаттанушы.
Оның пайымынша, банктерге қатысты салық мөлшерін қайта қарау керек.
«Олардың қомақты дивиденд алып отырған көріп отырмыз. Дегенмен, төлеп жатқан салығы соншалықты елеулі емес», — деді саясаттанушы.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек екенін айтты.
Осы орайда «Банктер туралы» жаңа заң қажет екені атап өтілді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұдан былай аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетінін жеткізді.