Атырау облысының Құрманғазы ауданында салынып жатқан екі жайлы мектептің құрылысынан кемшілік анықталған. Құрылыс материалдары кешігіп, жұмыс күшінің жетіспеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері еріктілермен бірге жайлы мектептердің құрылысына мониторинг жүргізді.
«Құрманғазы ауданының Ақкөл және Құрманғазы ауылында әрқайсысының құны 4,2 млрд теңге 600 орындық екі мектептің құрылысы басталған. Мониторинг барысында құрылыс материалдарының кешігуіне, сондай-ақ жұмыс күшінің болмауына байланысты құрылыс жұмыстары жүргізілмейтіні анықталды. Құрманғазы ауылы тұрғынының өтініші негізінде тексеру жүргізіліп, монолитті қабырғалар мен тіректер жазықтығының стандарттарға сәйкес келмейтіні белгілі болды», — деп хабарлады өңірлік департаменттің баспасөз қызметі.
Моинторингтің қорытындысымен мердігер компания мен техникалық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау туралы нұсқама берілді.
«Қазір бұзушылықтар жойылды. Мердігер тарапынан көші-қон заңнамасын бұзу фактілері анықталды», — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жолға төселген ірі түйіршікті асфальт бетоны нормаға сәйкес еместігін хабарлаған едік.