Біз соттардың тәуелсіз болуына баса мән беріп отырмыз. Бұл туралы Қазақстан судьяларының съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Шын мәнінде бұл жиынның еліміз үшін мән-маңызы зор. Әділ сот – мемлекет тірегі. Сот билігі қашан да абыройлы ірі мінсіз болуы тиіс. Қазір бәріміз бір ел болып Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Мақсатымыз – әр адамға және баршаға бірдей мүмкіндік беру. Заң мен тәртіп — әділетті қоғамның негізгі өлшемі. Бұл — заң алдында бәрі бірдей, тең құқылы деген сөз. Сол себепті, сот органдары азаматтардың басты қорғаны болуы керек. Елде заң үстемдігі орнаса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Ал заң мен тәртіп болмаса, басқа реформаның табысты болуы екіталай», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, осы саланы түбегейлі реформалау — негізгі міндеттің бірі.
«Мен бұл мәселеге айрықша назар аударамын. Сот саласы құқық қорғау ісінде басты рөл атқарады. Біз соттардың тәуелсіз болуына баса мән беріп отырмыз. Осыған орай бірқатар жұмыс атқарылды», — деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезі басталды.