Шәкірті 42 елден шақырту алған ұстазға Түркістан облысының әкімі көлік сыйлады

Ұстаздар мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Дархан  Сатыбалды білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекемен құттықтады.

Өңір басшысы республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз «Алтынсарин» төсбелгісі мен 20 педагог «Құрмет грамотасын» алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды. Сондай-ақ, көпті таңғалдырған кештің кульминация тосынсыйымен жалғасты. Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елден шақырту алған «Түркістан Білім-инновация» лицейінің география пәнінің мұғалімі Бастами Арғын Ержанұлына көлік кілтін табыстады. Бұдан бөлек, оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпазы болған және облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері атанған Төлеби ауданы, Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі, 6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук сыйлады.

«Құрметті ұстаздар! Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын! Ұстаз – жай білім беретін мамандық иесі емес. Ол – екінші ата-ана, тәрбиенің де қайнар көзі. Бәріміз де ұстаздарға қарыздармыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздардың алдында барлық адам құрметпен бас иеді», – деген Дархан Сатыбалды білім саласында жеткен жетістіктермен де бөлісіп, елеулі еңбектің бәрі ұстаздардың қажырлы еңбегінің жемісі екенін атап өтті.

Ұстаздар қауымы көтеріңкі көңіл күймен арнайы жайылған дастарханда қонақ болып, балалардың әзірлеген мерекелік концертін тамашалады. Өнерлі ұл-қыздар ән мен биден шашу шашты.

Айта кетерлігі, Түркістан облысында жалпы 85 112 педагог саналы ұрпаққа сапалы білім беріп келеді.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *