Армысың, аманбысың Монголия!
Атандық Атажұртқа қия-қия.
Келесің өсіп-өніп, өркен жайып,
Бола бер қазағыма жылы ұя.
Армысың туған жерім кіндік кескен?
Ат мініп, отау тігіп сенде өскем,
Бүгінде Атажұртта жүрсемдағы,
Туған жер тағдырына елеңдескем.
Армасың, аманбысың Бесік қала?
Аз ғана қазағыма болған пана,
Сен деп соққан жүрегі әз халқыма,
Мұндай мекен іздесең табыла ма?
Армасың, аманбысың Қобда өзенім,
Сағыныштан өртенер кейде өзегім,
Тұнығыңнан жүзіп ішіп, шомылсамда,
Сусаған басылмады-ау шөлдегенім.
Армысың, аманбысың Бөкенім-ай,
Аңсасам алып ұшып жетемін-ай,
Тасыңда асыр салған балаң едім,
Алыстан сәлем жолдап өтемін-ай.
Армысың, аманбысың «Достық» шыңым,
Достардың жеткізетін ән мен жырын.
Қауышып- құшақтасып, табысатын,
Құт мекен сіңіп қалған әзіл-мұңым.
Биіктен көз саламын туған жерге,
Сүйсініп қарай бердім өскен елге,
Сайрап тұр жастық шақтың сайран ізі,
Атажұртқа сені тастап кеттім неге?!
Армысың қазағымның жігіттері,
Елі үшін төгілген маңдай тері,
Көркейген елді көрсем, жерді көрсем,
Деп білем жігіттердің еңбектері.