Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында ең жеңіл салмақтағы Әнел Абдрасилова мен Аружан Жаңабаев жартылай финалға өтті.
Әнел Абдрасилова ширек финалда Венесуэла спортшысын 5:0 есебімен жеңді. Енді ол 31 қазанда өтетін жартылай финалдық кездесуде мексикалық Пицзаро Ампаранмен қолғап түйістіреді.
Сондай-ақ ел құрамасынан Аружан Жаңабаева (63 келі) Польша өкілінен 5:0 есебімен басым түсті. Ол жартылай финалдық бәсекеде Ирландия мен Өзбекстан боксшылары жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетсек, енді ел құрамасынан қыздардан ширек финалда Елянур Тұрғанова (50 келі), Бағжан Отынбай (52 келі), Толғанай Қасымхан (60 келі), Ұлдана Таубай (66 келі), Мария Сидоренко (70 келі), Шұғыла Нәлібай (75 келі), Аружан Зейноллаева (81 келі), Панар Сейітханқызы (81 келіден жоғары) шаршы алаңға шығады.
Әлем чемпионаты 3 қарашада мәресіне жетеді.