Бүгін Триатлон саябағында иттермен бірге жүгіруден жарыс өтті.
Әр аптаның демалыс күндері ұйымдастырылатын Funny sport жобасы аясының кезекті іс-шарасы иттермен бірге жүгіруге арналды.
«Елордамызда үй жануарларын ұстайтын жандар аз емес. Алайда оларды тек жақсы көріп қана қою жеткіліксіз. Бүгінгі шара иттерді таза ауада серуендету ғана емес, үй жануарын ұстайтын жандардың бір-бірімен танысып, достар табуына көмектесуді көздейді. Ал түпкі идеямыз — тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Алғаш рет ұйымдастырып жатқандықтан, қатысушылардың саны 10-15 қана болатын шығар деп ойлап едім. Бірақ 40-тан астам адам тіркелді. Эмоция керемет. Бұл жерде иттердің тұқымы мен жасына ешқандай шектеу қоймадық. Шетелде де үй жануарларымен бірге жарыстар өтетіндігін естіп, көріп жатамыз. Енді осындай дәстүрді қаламызда да қалыптастырсақ дейміз», —деді жарыс ұйымдастырушысы Руслан Спиридониди.
Иттермен бірге жүгіру көпшілікке таңсық болғанымен, Астана қаласында арнайы спорттық федерациясы да бар.
«Әуесқойлардың арасында да осындай шара өткеніне өте қуаныштымын. Өзім күнделікті 2 мезгіл итіммен бірге жүгіруді дәстүрге айналдырғам. Кәсіби түрде спортпен айналысамын. Бірақ жарақатым болса да, бүгінгі шарадан тысқары қала алмадым. Шынымды айтсам, чемпион атанамын деп еш күтпедім. Ал жалпы қаламызда арнайы спорттық федерациямен иттер арасындағы жарыстар жиі өткізіледі. Бүгін 2,5 шақырым ғана жүгерсек, ресми жарыстардағы қашықтық кемі 6 шақырымды құрайды», — деп бүгінгі жарыста топ жарған Юрий Дворниченко пікірімен бөлісті.
Шара соңында барлық қатысушылар арнайы сыйлықтармен марапатталды.