Банк акционерлерінің дивидендтеріне салық салу үшін заңнамалық түзетулер әзірленеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.
«Мемлекет басшысы Салық кодексін қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруды тапсырды. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жеке табыс салығының сараланған ставкаларын белгілеу, банк акционерлерінің дивидендтеріне салық салу және арнаулы салық режимдерін қайта қарау жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі қажет», — деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі», «Интеграцияланған дерекқор» және «Кеден» ақпараттық жүйелерін пайдалануға беруді қамтамасыз етуі керектігін баса айтты.
«Мемлекет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін орындамау фактілеріне жол бермеу қажеттігін атап өтті. Бұл бағытта резервтер өте көп. Біз қаржы министрімен кеше бұл мәселені егжей-тегжейлі талқыладық. Белсенді шаралар қабылдау керек», — деді ол.
Олжас Бектенов Мемлекет басшысы кейіннен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен толық жүзеге асырылатын жобалардың сапалы пулын қалыптастыруды тапсырғанын еске салды. Осыған байланысты ол Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту орталығымен бірге халықаралық қаржы институттарын тарта отырып, оның ішінде мемлекет кепілдігімен қарыз тарту арқылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын дайындау қорларын құру мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Президент мемлекеттік қолдау шаралары жүйесінің күрделі екенін де атап өтті. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік қолдау шараларының ашық әрі тең қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін олардың тиімділігі тұрғысынан ревизия жүргізіп, бизнесті қолдау шараларының бірыңғай тізілімін қалыптастырсын», — деді Премьер-Министр.