Қасым-Жомарт Тоқаев V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысқаны үшін UNWTO делегациясына және Зураб Пололикашвилиге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Президент бұл ауқымды іс-шара халықтар арасындағы достықты нығайтуға, Қазақстанның имиджін ілгерілетуге, еліміздің бай мәдени-тарихи мұрасын дәріптеуге септігін тигізетінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұйыммен тығыз ынтымақтастыққа бейілді және туризм саласындағы бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.
Бас хатшы Зураб Пололикашвили қонақжайлық танытқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға берді. Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар туризмді және жалпы ел экономикасын дамытуға жол ашады.
Кездесу барысында Қазақстанның БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымымен серіктестік аясын кеңейту перспективасы талқыланды. Еліміздің туристік әлеуетін және халықаралық аренадағы беделін арттыруға ықпал ететін нақты жұмыстарға баса назар аударылды.