Ал 1 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев айтты.
«Қазір еліміздің 900 азаматы жазасын шетелде өтеп жатыр. Кейінгі 5 жылда 160 адамды Қазақстанға қайтардық. Биылғы 9 айда 24 адам қайтарылды. Сонымен қатар үшеуіне қатысты қайтарудан бас тарттық», — деді Ғ. Қойгелдиев Мәжілістің жалпы отырысында.
Сонымен қатар ол Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге шетелде жазасын өтеп жүрген 900 адамның басым бөлігі Ресейде қамауда отырғанын айтты.
«1 мыңнан астам шетелдік Қазақстанда жазасын өтеп жатыр, олардың көбісі Өзбекстан азаматы», — деді Бас прокурордың орынбасары.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздің жастары оңай ақша табамыз деп шетелге барып, келеңсіз жағдайларға ұрынып жатыр.
«Осындай оқиғалар өте көп. Әсіресе, есірткі тасымалдау әрекетімен істі болып отыр. Бұл жаза бойынша сотталғандарға өте ауыр түседі», — деді Ғалымжан Қойгелдиев.