Париж аламанынан қандай сабақ аламыз?

Францияда өткен XXXIII Олимпиада ойындары тарихқа қатталды. Енді 207 елден 10 мыңнан астам атлет қатысқан төртжылдықтың басты додасындағы жетістіктер мен кемшіліктерді таразылап, отандық спорт саласының сапалық деңгейін жақсарту жол-дарын талқылай аламыз. Астана және өңірлерде спорт инфрақұрылымы қалай дамуда? Мұны да назардан тыс қалдырмаймыз.

Кемшілігі көп сала

Шыны керек, спорт – саясаттың ажырамас бір бөлігі, елдің оң имиджін қалыптастыру құралы. Жоғары жетістіктер спорты жаһанданудың «жұмсақ күші» ретінде мойындалып, әлем елдерінің бәсекеге қабілеттілік деңгейін анықтайтын барометрге айналды. Расында, озық елдер спортты өнер ретінде бағалаудан бұрын бәсекелесудің платформасы ретінде танып, фармацевтика, медицина және ғылыммен байланысын күшейтіп, спорт саласының сапасын арттыруда жаңа инновациялық технологияларды пайдаланады. Отандық спорт саласы осы көштен қалып кетті. Бұл туралы спорт сарапшысы Қыдырбек Рысбек:

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары спорт пен ғылым ажырады. Спорт саласында ғылым кенжелеп, соның салдарынан сапалық деңгейіне әсер етті. Қазір он бапкердің сегізі қолына қалам ұстап, жеке жоспар құрып, әр спортшының мүмкіндігін зерделей бермейді. Керек десеңіз, он бапкердің тоғызы жоспарсыз жұмыс істейтін жағдайға жеттік. Қысқасы, жүйесіздікке көштік. Олимпиада ойындарында алған жүлделер – мемлекет деңгейінде жан-жақты жоспарланған жүйелі жұмыстың жемісі емес, жекелеген бапкерлер еңбегінің, спортшылардың жеңіске деген құлшынысының нәтижесі. Мәселен, Елдос Сметов Токио Олимпиадасында жартылай финалда жапондық Наохиса Такатодан ұтылды. Такатоның артында Кодокан дзюдо академиясы тұр. Онда тік тұрғандағы және партердегі әдістерді жеке-жеке талдап, қандай жағдайда, қалай орындау керегін жіліктеп түсіндіретін және қарсыластың әдісіне қарсы әдістерді қолданудың сан тарау жолы ғылыми тұрғыда зерттеледі. Сосын күншығыс елінде әрбір спортшының физикалық формасын тексеретін заманауи аппараттар бар. Сол арқылы спортшыға керекті витаминдерді анықтап, физикалық жүктеменің нормасын бақылап, салмақ азайтуына дейін назардан тыс қалдырмайды. Оларда спортшыны 20-25 минут белдесуге дайындайтын ғылыми жүйе бар. Көрдіңіз бе, Жапонияда спортты дамыту ғылымға негізделген. Ал Елдостың артында бапкерлерінің жеке ізденісі ғана тұрды, – деп негізгі кемшіліктерді талдап берді.

Расында, Қазақстандағы дзюдо академиясында заманауи аппараттар қаншалықты қолжетімді, ғылыми кітапханасы бар ма, дзюдошылардың күресін талдайтын видео орталығы бар ма, әрбір әдіс-тәсілдің тиімділігін, қарсы әдіс қолданудың мән-маңызын түсіндіретін мамандар бар ма? Болмаса балуандардың психологиялық жағдайын зерделеп, қажет кезінде рухани жігерлендіретін мамандар бар ма? Олар оқу-жаттығу жиыны кезінде қандай тағам түрлерін тұтынады? Бұл да басы ашық сұрақ. Неге десеңіз, Олимпиада ойындары қарсаңында еркін күрес балуандары соңғы оқу-жаттығу жиынын Алматыдағы «Тау самалы» лагерінде өткізді. Балаларға арналған лагерде спортшыларға жан-жақты жағдай жасалды ма?

Бастысы, спортшылармен бірге жаттықтырушыларға әлеуметтік жағдай істеу маңызды. Қазір көптеген бапкер екі-үш жерде жұмыс істеп, отбасын асырайды. Бірнеше жұмысты қатар атқаратын жаттықтырушылардан жауапкершілікті талап етудің өзі қиын. Өйткені бапкерлер күн ұзақ шәкіртінің қасынан табыла алмайды. Бас бапкер мен жеке бапкер арасындағы пікір алшақтығы, келіспеу жиі орын алып жатады. Себебі мемлекеттік деңгейде спорт түрлеріне арналған ортақ әдістеме жоқ. Әр бапкер өз білгенімен, ізденісімен шәкірттерін спортқа баулып, баптайды.

Министрліктің атауы тұрақтамай, біресе мәдениетке, біресе туризмге қосылып, министрлер жиі ауысады. Көбінесе спорттан хабары аз басшылар орынтаққа отырып, спорт саласына түбегейлі реформа жасауға асықпайды. Спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдері аз емес. Бұған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 39 жемқорлық қылмысын тіркеп, Олимпиада қарсаңында спорт саласын дамытуға жауапты бірнеше басшыны ұстауы дәлел болады.

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы айтқандай, ел қазынасынан 180 спорт түріне қаржы бөледі. Пенчак силат, биатл, триатл, петанк, текбол, черлидинг сынды аты мәлім, заты белгісіз спорт түрлерін қаржыландырудың не керегі бар? Негізі, Астана қаласында спорт инфрақұрылымы қалыпты дамыды деп айтқанымызбен, спорт ойындарына арналған жабық кешендер тапшы. Ал өңірлер және ауылдар туралы айтудың өзі артық болар. Осылай саралай берсек, кемшіліктер толып жатыр.

Мүмкіндік пен нәтиже

Осы сұраққа жауап іздеп, отандық спорттың даму деңгейін саралауға болады. Егер салыстырмалы түрде алсақ, Токио Олимпиадасындағы 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 83-орыннан, Парижде 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль еншілеп, 43-орынға көтерілдік. Яғни сапалық тұрғыда көрсеткіш жақсарды. Екінші жағынан, 1996 жылы Атлантада байрағы көтерілген Олимпиада ойындарында – 24, Сидней-2000 – 22, Лондон-2012-де 24-орыннан көрініп, спорттық державаларға жақын болдық. Осы жетістіктермен салыстырсақ, спорт саласының сапалық деңгейінің төмендеп, өз биігіне әлі шыға алмағанын ұғамыз.

Спорт шолушысы Анық Көкенайұлының сөзінше, Париж Олимпиадасында жеке бапкерлердің мотивациясы мен еңбегі ғана құтқарды. Спортқа бөлінген қаржы мен жүйенің алшақтығы, нақты стратегияның жоғын көрсетті. Құрамада психолог, физиолог, диетолог және тағы басқа мамандар жетіспеді. Ғылыми кешенді топ бокста ғана бар. Мұның да пайдасы тимеді. Дзюдодан тарихи медаль алдық. Алтын медаль – жеке спортшы мен жеке бапкердің талай жылғы еңбегінің жемісі. Бұдан дзюдо құрамасы жақсарып кеткенін көре алмаймыз. Күрес түрлері үшін Демеу Жадыраевтың күмісі жыртыққа жамау болды. Бұл да балуанның жеңіске деген құлшынысының жемісі. Әйтпесе құрама сол баяғы қалпында. Ескі жүйе, ескірген методика нәтиже бермей келеді. Өзге мемлекеттердің тәжірибесінде спортшыны тек медаль алу үшін жібереді. Бізде ел көрсін, жарыс көрсін деген ниет басым секілді. Спортқа үлкен реформа керек.

Құзға өрмелеуден біздің спортшылар екі Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетті. Бұл – осы спорт түрінің жақсы дамып келе жатқанына дәлел. Олимпиадада бірнеше медаль әкелетін спорт түрлерін дамытуды қолға алу керек. Мәселен, француз жүзгіші Леон Маршан Парижде 4 алтын медаль алып, Қазақстан спортшылары соңғы үш Олимпиада ойындарында жеткен жетістікке жалғыз өзі қол жеткізді. Сондықтан жүзу, оқ ату түрлері, жеңіл атлетика, гимнастикаға да көңіл бөлу маңызды. Яғни бір спортшы 5-6 медаль алуға мүмкіндігі бар спорт түрлеріне басымдық берген.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев пен Олимпиадалық комитет төрағасы Геннадий Головкин – бокспен кәсіби түрде шұғылданған спорттың қыр-сырын жақсы білетін мамандар. Солай бола тұра, Парижде қазақ боксшылары алтын медальды ала алмағаны сын болды. Қазір желіде бас бапкер Мырзағали Айтжановты даттап та, жақтап та жатқан адам көп. Бәрінен бұрын Республикалық бокс федерациясы бас бапкердің еңбегіне баға берместен, негізгі кемшіліктерді сараламай-ақ, Айтжановты қызметінен босатып, орнына Қайрат Сәтжановты тағайындағаны қызу талқылануда. Мейлі ғой, Сәтжанов сәттіліктің жолын тапса, әрине, қуанамыз! Бірақ рингтегі жекпе-жекпен қатар, спорт залдан тыс жерде шешілетін мәселелер аз еместігін ұмытпасақ болғаны. Оған бір кездері AIBA-да басшылық қызмет атқарған Бекет Махмұтовтың өнегесі мысал бола алады.

Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов қазір Қазақстан спортында буын алмасу кезеңі жүріп жатқанын айтып, 2028 жылғы Олимпиада ойынында чемпиондар шығатынын айтып, елді сабырға шақырды. Амандық болса, Лос-Анджелесте өтетін Олимпиаданы көрерміз.

Не көрдік, не түйдік?

ХХ ғасырдың 50-жылдары Қазақстанда көгалдағы хоккей қалыптасып, даму жолына түсті. КСРО және Еуропа чемпионатында бірнеше рет чемпион атанды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Азия чемпионаты мен ойындарында үздік бестікке енді. Бір кездері су добынан Қазақстан ерлер құрамасы Азияда азулы команданың бірі еді. Азия чемпионатында екі рет топ жарып, Азия кубогын иеленген команданың қазір жұрнағы да жоқ. Өзбекстанның футбол командасы Испания сынды мықты құрамамен доп тепкенде, Қазақстан командалық ойындардан мүлдем тыс қалды. Миллиардтар жұмсалатын футболдан қайыр болмай тұр. Бюджеті қомақты «Астана» баскетбол командасы елдегі баскетбол қозғалысын дамытуға септігі тимесе не үшін ұстап отырмыз? Пекин Олимпиадасында өнер көрсеткен волейболшы қыздардың қазіргі ізбасарлары қайда? Жүйесіздік болғандықтан, командалық ойындардан бәсекеге қабілетті емеспіз. Парижде осыны қатты сезіндік.

Содан кейін біздің бапкерлерде легионер таңдауда мүлдем талғам жоқ екені әрі талап қоя алмайтыны көрінді. Мәселен, Бахрейн спорт түрлерінен ең таңдаулы легионерлерді сапына қосты. Кениялық желаяқ Яви Уинфред 3000 метр қашықтықта алдына жан салмай, араб еліне бірінші алтын медальды сыйласа, артынша дағыстандық еркін күрес шебері Ахмед Тажудинов екінші алтын медаль алып, Бахрейн командалық есепте 33-орынға көтерілді. Мұндай тәжірибе Өзбекстанда да бар. Өзбек паспортын алғанына 1 жыл да толмаған еркін күрес балуаны Разамбек Жамалов салмағында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан медаль тақты. Біздің легионерлер болса не жүгіре алмайды, не күресе алмайды. Ортанқол спортшылар. Бізге келген легионерлердің алтын медаль алғаны аз. Олар келеді, кетеді. Тұрақтап, елге сіңісіп, отандық спортты ілгерілетуге құлықсыз. Парижде қылық көрсеткен теннисшілер бұл ойымызға дәлел болады.

Парижде өткен Олимпиада ойынына әлемнің 207 елінен команда келсе, соның 93-і жүлде алды. 67 мемлекеттің спортшысы алтын медаль жеңіп алды. АҚШ пен Қытайдың алтыны тең – 40/40. Тек америкалық спортшылар күміс медальдың көптігімен командалық есепте бірінші орын алды. Алғашқы ондыққа енген Жапония, Аустралия, Франция, Нидерланды, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Италия, Германия – әлемдік экономикадағы орны жоғары, индустриалды-инновациялық даму жолын тапқан елдер. Спорт елдердің экономикалық деңгейін саралайтын өлшемнің бірі екенін айттық.

Жүйелі жұмыс жетіспейді

Парижде көп талқыланған сұрақтың бірі – бокстан 57 және 66 келіге дейінгі салмақта алтын медаль алған қытайлық Лин Ютинг пен алжирлік Иман Хелиф. Оларда V хромосомасының болуына байланысты спортшының жынысына күмәнданды. Дегенмен соққысы жойқын «еркекшора» қыздар деп түсініктеме берілді. Біздің елде де тепсе темір үзетін, ұрса опырып түсетін қайратты қыздар көп. Солар спортта өз жолын табуға жол ашатындар болса ғой, шіркін!

Парижде 32 дүниежүзілік және 125 Олимпиада рекорды орнады. Қазақ спортшылары рекорд орнатпай-ақ медаль алғанына қатты қуанамыз. Швед сырықпен секіруші Арманд Дуплантис құстай ұшып 6,25 метр биіктікті бағындырды. Қытайлық жүзуші Пан Жанле 100 метрге еркін жүзуде балықтай жүзіп 46,40 секундта еңсерді. Америкалық желаяқ Сидней Маклафлин-Леврон 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде жүйріктей жүйткіп, алдына жан салмады. Қазақ тіліндегі тұрақты тіркестерде желаяқ, көлтауысар, саққұлақ, таусоғар кездескенмен, қазіргі қазақ қоғамында рекордтарды бұзатын мықтылар болмай тұрғаны қынжылтады. Кубалық грек-рим балуаны Мижайн Лопес бес Олимпиада қатарынан бес алтын алған тарихтағы алғашқы балуан атанды. Француз дзюдошысы Тедди Ринер бес дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Біздің атлеттердің арасында бес рет түгілі, екі рет Олимп шыңын бағындырғандар жоқ. Есесіне Парижде Өзбекстанның үш спортшысы екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Мұндай үздіктер Грузиядан да шықты. Қытайдың 10 спортшысы, Аустралияның 7 атлеті Парижде екі алтын медальдан жеңіп алды. Біз Ольга Рыпакова мен Елдос Сметовтың Олимпиада ойындарында жеңіп алған қола, күміс және алтын медалімен ғана мақтана аламыз. Әттең, бізге Бекзат Саттарханов сынды мұраты асыл спортшылар жетіспей тұр.

Спорт жүйесіз жұмыстарды кешірмейді. Ал Олимпиада ойындары елдің даму деңгейін, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын бірден көзге көрсетеді. Парижден алған сабақ – отандық спорттың ақсап тұрған тұсы көп. Енді дұрыс диагноз қойып, салаға серпін бермесе, Лос-Анджелесте алтын медаль алу қиындай түседі. Өйткені Парижде жүлде алған спортшылардың орнын басатын атлеттер тапшы. Буын алмасуды сәтті ұйымдастырған дұрыс.

Нұрлат Байгенже

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *