Қазір Қонаев қаласында бес ойынхана мен үш ойын автомат залы жұмыс істейді.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, ойын бизнесінде 2 306 адам жұмыс істейді, оның 90 пайызы — жергілікті тұрғын.
«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекстің 557-бабына сәйкес ойынхананың кіріс бөлігі салықтық құпия болып табылады. 2023 жылы ойынханалар мен ойын автоматтары залдарынан түскен салық түсімі 46 486 878 310 болса, осы жылдың 9 айында 11 953 433 400 теңгеге жетті», — деп жауап берді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков Кazinform агенттігінің ресми сауалына.
Сондай-ақ ол ойынхана мен ойын бизнесінің өзге де субъектілерін басқа аймақтарға көшіру немесе жабу жоспарлары туралы да айтты. Спикердің сөзінше, ҚР «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес, ойын бизнесі нысандарының орналасқан жері Ақмола облысының Бурабай ауданы мен Алматы облысының Қапшағай су қоймасының жағалауы.
«Ойын бизнесі субъектілерінің орналасқан жерін басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке беруді уәкілетті орган айқындайды», — деді ол.
Айтуынша, жергілікті атқарушы органдарда ойынға тәуелділіктен зардап шегетін азаматтардың есебі жүргізілмейді. Алайда бұл мәселенің алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.
Еске салайық, былтыр Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ойынханаға кіру үшін қомақты қаражат қажет екенін атап өткен болатын. Мұнан бөлек, белгілі бір тұлғаға қатысты оның туған-туыстары тарапынан немесе құқық қорғау органдарынан өтінім түскен жағдайда олар ойынханаға кірігізілмейді.