Атырау «Таза қала» жобасында: Тұрғындар экомәселелерге бей-жай қарамайды

Таза қала» жобасы Атырау қаласына жетті. Қаланы Еуропа мен Азияға бөліп тұрған Жайықтың жағалауы неге қараусыз қалды? Рекордтар кітабына енген көпірдің қазіргі жағдайы қандай? Jibek joly телеарнасының жаңа шығарылымы мұнайлы астанаға арналды.

Ескі аудан мәселесі қалай шешіледі

Алдымен жаңа аудандардағы жағдайға көз салайық. Ұшақтан түскен сәтте «Нұрсая» және «Самал» шағын аудандары қарсы алады. Сырт келбеті көз тартар үйлердің ауласы де ерекше. Біз Қазақстанда кездестірмеген эко ойын алаңы тұрғындардың игілігіне беріліпті.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Ағаштан жасалған алаңқайға қанша материал кетті деп сұрайтындар бар. Біз бір ағаш кессек, орнына 10 немесе 100 ағаш егеміз. Қазіргі таңда ауламызға, үйіміздің жан-жағына 200-ден астам талдар, шыршалар, алтай қарағайлары отырғызылды», — дейді Басқарушы компания басшысы Алмат Әлімов.

Мұнда тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Тазалықшыдан бастап күзетшіге дейін 8 адам күтімге жауап береді. Ал ойын алаңы балқарағай мен шыршадан жасалған. Болат та бар. Бұл қала эстетикасын ашып қана қоймай, балалар үшін де қауіпсіз.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Сондай-ақ, қаланың Балықшы ауданына назар салсаңыз, экоаула мұндағы тұрғындардың ойында да жоқ. Олар 8 жыл бойы қауіпсіз баспанаға көшуді армандап жүр.

«Үй құлаудың алдында тұр. Қисайған. Коммуналдық қызмет тіптен жоқ. Әкімдікке жүгірген тұрғындар шаршады», — дейді жергілікті халық.

Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі – қарттар. Олар 1960 жылдары жаңа үйге көшіп келген. Салынғанына жетпіс жылдан асқан үйлер адам іспеттес дер кезінде зейнетке шықпай, әлі де қаусаған күйінде қызметте тұр. Жаңа үйді күте-күте қаншама тұрғын дүниеден озған.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Бағдарламаға арнайы сұхбат берген облыс әкімі Серік Шәпкенов Балықшы тұрғындары жаңа баспанаға көшіріліп жатқанын айтуда.

«Бірақ екі үйдің тұрғындары сол аумаққа үйренгенін айтып, ешқайда көшпей қойды. Олармен сөйлесіп жатырмыз. Мүмкіндік болса сол ауданнан баспана әперіп, көшіреміз», — деп уәде берді облыс әкімі.

Мұнайшылар саябағы

Атырауда саялы бақтар мен сквер, аллеялардың саны жылдан жылға артып келеді. Соның бірі мұнайшылардың еңбегіне арналған. Себебі өңірдегі негізгі сала өкілдері тазалық жұмыстарына да ерекше құлшыныспен атсалысады. Ағаш егіп, гүл отырғызады. Мысалы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған акцияда да мұнайшылар белсенді.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Көктемде, жазда сенбіліктерге шығып тұрамыз. Жайық жағалауындағы лас қалдықтарды тазалау жұмыстарын басшылығымыз да ұйымдастырады, өзіміз де жанұямызбен шығып жатамыз», — деді мұнайшы Қайдар Қосымбаев.

Бақта осы күнге дейін 2 мың ағаш егілген. Олар тамшылау жүйесімен суарылады. Енді міне тағы мың түп тал отырғызылып жатыр.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Биылғы су тасқынында шаған және жидек талдары суға төзімді екенін анықтадық. Сондықтан осы ағаштарды көптеп отырғызып жатырмыз. Біздің аумақ – теңіздің табаны болғандықтан, тұздылығы басым, кей жерде топырақты көтеру керек, дренаж өткізу керек. Ағаштарды күннен қорғау керек. Бұл да басқа өңірлерге қарағанда біздің өңірде агрошараларды өткізудің екі есе қымбатқа түсетінін көрсетеді», — дейді облыстық мәслихат депутаты, экобелсенді Арман Хайруллин.

Әрбір өсірілген ағашқа ақы төленеді

Қаладағы Жеңіс саябағы 4 жыл бұрын теп-тегіс, шаң басқан аумақ еді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған алма бағы аз уақытта жайқалып тұр. Себебі қалада белгіленген аумақтағы ағашты егу, оны күтіп баптау, өсіруді бір оператор толықтай атқарады. Атқарылған жұмыстың ақысы да әрбір өскен ағашқа төленеді.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Қазіргі таңда барлық тал қатаң қадағаланады. Отырғызған кезде ғана келіп, жөнсіз қалдырмайды. Тапсырушы бастан аяқ қадағалайды. Дендрологиялық жоспар бойынша белгіленген аумақта мың ағаш міндеттелген болса, әрбірін тексеріп болған соң ғана қабылдап алады. Ағаш саны жеткіліксіз болса өз қаржымыздан тағы бірін отырғызамыз», — дейді көгалдандыру жобасының жетекшісі Леонид Задерный.

Сәйкесінше алғашқыда жоспарланған ағаштардың барлығы геометриялық дәлдікпен өз орнында өсіп шыққан. Сырттан келетін залалға да көгалдандырушылар дайын. Төрт бұрышында камера орнатылып, зақым келтірген зұлымды тауып, жауапқа тартады.

Жағалау неге қирады?

Төрт жыл бұрын қалада тағы бір қоғамдық орта ел игілігіне берілген еді. 2020 жылы қаланың 380 жылдығы құрметіне Жайық өзені маңында жағалау ашылған. Төрт жылда жағалаудың тозығы жетіп, кірпіштері шашылып жатыр. Қабырғалардың іргесі сөгілген. Жақын маңда облыстық әкімдік бар, демек бұл қаланың орталығы саналады.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Ал Жайықтың арғы бетінде – жабайы тіршілік. Қамысы қаулап, түбі қоқысқа толған және еш абаттандырылмаған.

Облыс әкімі мұны су тасқыны кезіндегі қауіпсіздік шараларын жүргіздік деп түсіндіруде.

«Су тасқыны кезінде ауыр көліктермен топырақ, қапшық әкелуге тура келді. Бұл жерде қаланың әсемдігін емес, қауіпсіздігін бірінші кезекке қойдық», — дейді С. Шәпкенов.

Қоқыс сатып алатын экобекет, волонтер оқушылар

Атырауда қоқыстарды бөліп қабылдайтын бекеттер көбейген. Экобекетке келген тұрғын екі пайда көреді – туған қаласын қалдықтан тазартып қана қоймай, әр келісіне берілетін қаржыны ала кетеді.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Мейірбек Қуанышев басқаратын мекеме қоқысты жинап, өзге қалалардағы өңдеуші мекемелерге шикізат күйінде таратады. Бұл әрине табыс табудың бір жолы. Сонымен қатар мекеме басшысын жетелейтін үлкен идея бар екен.

«Мен өзім америкалық мекемеде қызмет етемін. Сол қалашықта тұрамын, ондағы тазалықты көргенде тамсанып, идея сол жерде келген еді. Шетел асып кетпей, сол шетелдегі мәдениетті өзімізге енгізіп, мемлекетімізді жоғары жәрежеге жеткізгім келеді», — деді ол.

Экобекеттің көрсеткіштерінен-ақ сұрыптауға қызығушылардың саны артып келе жатқанын байқауға болады. Үш жыл бұрын арнайы орында аптасына 15 тонна қалдық жиналса, қазір бұл көрсеткіш 150 тоннаға жеткен екен.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Қалада балаларға табиғатқа жанашыр болуды, қоқысты дұрыс сұрыптауды үйретіп жүрген белсенділер де бар.

«Осындай ойындар арқылы біз қоқыстың аз екенін айтамыз. Асханамызда аз ғана мөлшерде қоқыс болуы керек. Балалар сұрыптап жатқанның бәрі – қалдықтар. Оларды өткізіп, қайта өңдеуге болады. Сөйтіп екінші мәрте пайдасын тигізе алады. Мысалы, қорап қайта өңделеді. Скотч болса өңделмейді. Сондықтан скотчты алып тастаймыз», — дейді экобелсенді Татьяна Тегай.

Дәл осындай тәрбие көрген жасөспірімдер де белсенді. «Энертинс» волонтерлік ұйымын ашқан 80-ге жуық оқушы сабақтан бос уақытта қаланы қоқыстан тазартады. Аптаның жеті күнінде тоқтамай қалдықтарды жинайтын шараларды да ұйымдастырады.

Оқушылардың мақсаты ерек. Сексенге жуық белсенді қазір бір ойдың аясында жинақталған.

«Қоқыс жинау арқылы біріншіден қаланы жақсартамыз. «Атырау лас қала» деп басқа қалаға кетудің орнына, неге жақсартпасқа, басқа қалалармен теңестірмеске деген ойға келіп, соның негізінде волонтерлікпен айналысып жүрміз», — дейді Волонтер Аяулым Нұрлан.

Мектепке апарар жол жәшіктен жасалған

Қаланың белсенді тұрғыны Виктор Сутягин жол сапасы мәселесін көтерді. Қалада жол жөндеу жұмыстары тоқтаған емес. Мәселе сапасында. Былтыр облыстық жəне аудандық маңызы бар жолдарға 310 тексеру жүргізілген және 37 пайызының талапқа сай келмейтіні анықталыпты.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

«Қазір біз келе жатқан жер де көз алдыңызда. Бұл жаяу жүргіншіге арналған жер. Басқаша ойлап қалмаңыз. Жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оны жоққа шығармаймын. Жамау жұмыстары да бар. Бірақ әдетте бір жалдан соң жамалған жерлердің орны қайта үңірейіп қалады», — дейді В. Сутягин.

Облыс әкімінің айтуынша, жолдар жайы да алдағы жылы шешілетін көрінеді. Себебі биыл қала ішіндегі жеке сектор арасына асфальт төселіпті.

«Сондықтан ендігі кезекті ортлық көшелердің реконструкциясына бағыттаймыз. Алдағы жылдары орталық көшелердің барлығы толығымен реконструкцияланады», — деді әкім.

Оқушылар мектептегі сабағына қалай барады? Ол үшін түсірілім тобы №40 білім ордасының маңына келді.

«Мектептің ашылғанына бес жыл өтсе де жол жоқ. Балалар батпаққа батпауы үшін тұрғындар жыл сайын өз қаражатына жәшіктен жол салады. Мектептің алды да мақтанып айтарлықтай емес», — дейді қала тұрғыны Нұрлан Жүнесов.

Атырау «Таза қала» жобасында
Фото: видеодан алынған кадр/Jibek Joly телеарнасы

Өз кезегінде Серік Шәпкенов мектеп оқушыларының жайы келесі маусымда толығымен шешілетінін айтты.

«Қазір сол көшенің жобасын жасап қойдық. Мен әрбір мектепке тапсырма бердім, тек алдыңғы жағын ғана емес, мектептің жан-жағынан балалар кіретін қолайлы жағдай жасалуы керек», — деді облыс әкімі.

Сарапшылар бағасы

«Таза қала» жүргізушілері Атырау қаласы туралы барлық ақпаратты жинап, сарапшыларға тапсырды. Мамандар көшедегі тазалық пен тәртіп, коммуналдық қызметтің жұмыс жүйесі, абаттандыру, халық мәдениеті, қала эстетикасы атты бес критерийге сүйене отырып, қалаға өз бағаларын берді.

Бұл шығарылымды Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ урбанистика орталығының жетекші маманы Тұрсын Жиенбаева және эколог, «Жасыл даму» АҚ департамент директоры Сәбит Тельман бағалады.

«Атырау қаласына 5 ұпай қойдым. Себебі Атырау өзінің жасыл желектерімен қуанта алмайды, экологиялық проблемалары да шаш-етектен. Жалпы қаланың ортасы ғана тазаланған, маңайында қоқыстар жиналған, коммуналдық қызметтер туралы деректер жоқтың қасы. Қаланың эстетикасын бағалап, жаңадан салынған ғимараттардың көптігіне назар аудардым», — дейді Ерболат Сатыбалдин.

Өз кезегінде С. Тельман мен Т. Жиенбаева Атырау қаласының экологиялық мәселелері көп екенін айтып, 3 ұпайдан берді.

«Қалада көптеген үйлер апатты жағдайда, реновацияны талап етеді. Жаяу жүргіншілер жолдарының жәшіктермен жасалғанын көріп отырмыз. Бұл жерде коммуналдық қызмет жұмыстары байқалмайды. Оған қоса, экология мәселесі көтерілмеді. Ауаға шығарылатын өндіріс қалдықтары, полигон жұмыстары талапқа сай емес», — дейді урбанист Т. Жиенбаева.

Бағалау нәтижесінде Атырау қаласы 11 ұпай алып, ең төменгі орындардың біріне жайғасты. Бұл тізімде Астана (25 ұпай), Алматы (25 ұпай), Қарағанды (22 ұпай), Қостанай (22 ұпай), Қызылорда (20 ұпай) қалалары көш бастап тұр.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» бастамасы аясында Jibek Joly арнасында «Таза қала» ауқымды тележобасы көрерменге жол тартты.

Түсірілім тобы Қазақстанның ірі және шағын қалаларына барып, тазалығы мен көркі туралы әңгімелейді. Журналистер жергілікті тұрғындармен кездеседі, коммуналдық қызметтердің жұмысын көреді, аймақтың экологиялық өміріне белсенді қатысатын барлық еріктілермен танысады.

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *