АТАУЛЫ КҮНДЕР
Бүкіләлемдік дзюдо күні
Атаулы дата Халықаралық дзюдо федерациясының бастамасымен 2011 жылдан бері аталып келеді. Бұл күн – жауынгерлік өнер шебері әрі Кодокан мектебінің негізін қалаушы – Дзигоро Каноның туған күні.
Халықаралық анимация күні
1892 жылғы 28 қазанда Парижде Эмиль Рейно көрермендерді осы күнге дейін ешкім көрмеген «оптикалық театрды» тамашалауға шақырды. Онда талантты өнертапқыш көпшілікке алғаш рет өзінің праксиноскоп аппаратын таныстырып, қозғалатын картинкаларды көрсетті. Осы күн анимация киносы дәуірінің басталуы саналады. Халықаралық анимация күнін Халықаралық Анимациялық кино одағы (ASIFA – The International Animated Film Association) 2003 жылы бекітті және қазір дүниежүзінде аталып өтеді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1953 жылы Іле Алатауында алғаш рет өзен су электр станциясы пайдалануға берілді. Оны іске қосқаннан кейін Алматы сарқырамасының қуаты екі есеге өсті.
1992 жылы ҚР Президенті Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ішкі әскері құрылды.
1998 жылы скрипкашы Айман Мұсақожаеваға ЮНЕСКО шешімімен «Әлем әртісі» жоғары атағы берілді.
2005 жылы ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «Қыз Жібек эпосына 500 жыл» атты көрме ашылды.
2005 жылы Жазушылар үйінің мәжіліс залында Қытай мен Моңғолиядан келген қандастарымыздың бастамасымен жарыққа шыққан «Үн» атты әдеби журналдың таныстырылымы болды. Мұқабасында Көк бөрі мен Ай бейнеленген журналдың алғашқы санында әдебиетке қатысты сыни пікірлер, жас ақындар өлеңі мен жазушылардың әңгімелері, әлем әдебиетіндегі озық туындылардың қазақшаға тәржімаланған нұсқалары жарық көрген.
2011 жылы ҚР Ұлттық банкі 500 теңгелік «Көшпенділер алтыны» сериясына қосылатын «Бұланның басы» күміс монетасын айналымға шығарды. Күміс монета – «Көшпенділер алтыны» сериясының сегізінші монетасы. Оның дизайнына Қазақстан аумағындағы қазба жұмыстары барысында табылған алтын бұйымдардың бейнесі пайдаланылды. 925 сынамалы, салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, дайындау сапасы – «proof», таралымы – 5 мың дана.
2012 жылы танымал қазақ жазушысы, түрколог-ғалым, академик Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» повесть-монологы араб тіліне аударылып, Дубай Әмірлігі мәдениет және ғылым қауымдастығының ғимаратында жергілікті аудиторияға ұсынылды.
«Үміт үзгім келмейді» деп аталатын хикаят-монологте ауыр дертке шалдығып, көп жылдар бойы төсек тартып жатқан мүгедек жанның өмірге деген шексіз құштарлығы, қайсарлығы, адамгершілігі, мөлдір махаббаты сөз болады.
2013 жылы Шымкенттегі «Қазмедприбор» кәсіпорнында алғашқы отандық рентген аппараты шығарылды. Бұл жоба «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылды. ҚР Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының Өңірлік картасына енгізілді.
2013 жылы қазақстандық альпинист Андрей Гундарев Аустралия мен Океанияның ең биік шыңы – Карстенз пирамидасын (4 884 м) бағындырды. Шың Папуа-Жаңа Гвинея аралының индонезиялық бөлігінде орналасқан. Оны «Пунчак-Джая шыңы» деп те атайды. Индонезия тілінен аударғанда «Жеңіс шыңы» деген мағынаны білдіреді. Карстенз пирамидасына шығу «7 шың» бағдарламасындағы ең күрделі белестердің бірі.
2015 жылы Алматыда көрнекті қоғам қайраткері Герольд Бельгерге ескерткіш орнатылды. Кеңсайда қойылған ескерткішті Амангелді Байғаторов басқарған шығармашылық топ жасады.
2015 жылы Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қатысуымен Сүйінбай Аронұлының 200 жылдық мерейтойына орайластырылып, түрік тілінде ақын шығармалары топтастырылған кітаптар жарық көрді. Оған түрік және басқа да аты әйгілі қазіргі заманғы шетелдік поэзия өкілдерінің пікірлері енген.
2016 жылы ҚР Ұлттық Банкі 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған «Көрнекті оқиғалар мен адамдар» сериясынан «Хамит Ерғалиға 100 жыл» ескерткіш монеталарын шығарды. Хамит Ерғали – Қазақ КСР-нің халық жазушысы, қазақ ақыны.
2016 жылы Қытайда Қазақстанның сауда үйі пайда болды. Ол Шанхай еркін сауда аймағындағы «Линхай» корпорациясының жаңадан ашылған азық-түлік орталығы аумағында орналасты.
2020 жылы «Абай мұрасы» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласының БҰҰ-ның алты ресми тіліне (орыс, ағылшын, араб, испан, қытай және француз) аударылған нұсқалары жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті.
2021 жылы ресми марапаттау рәсімінен 7 ай өткен соң қазақстандық музыкант Иманбек Зейкенов «Грэмми» мүсінін қолына алды, оны Лос-Анджелестен жеткізіп берді.
2023 жылы Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 46 адамның өмірін қиған жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, оның 206-сы сыртқа шығарылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы кеншілердің қазасына байланысты көңіл айтып, үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды.
2023 жылы Астанада Түрік Республикасының жарияланғанына 100 жыл толуына орай жаңа Анадолы көшесі ашылды. Ашылу салтанатына қала әкімшілігі, Есіл ауданы әкімшілігі және түрік дипломаттары қатысты. «Түркия – Қазақстанның саяси, сауда-экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы сенімді серіктесі. Елімізді тәуелсіздік мерекесімен алғаш құттықтап, екіжақты қарым-қатынас орнатқан бірінші ел Түркия болғаны халқымыздың есінде», — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Есет Байкен.