Қарттарды қариялар үйіне сүйремеңдер!

«Қайран қайғысыз, қамсыз күндерім,

Сайран-сауықты рахат  түндерім,

Сендерден не пайда!» деп –  мұңға батады ұлы ақын

Шәкәрім. Бала-шаға, ұрпақ-жұрағатыңның ортасында отырып тек жастық дәуренін сағынып, мұңға бату бір басқа. Ал бала-шағасының қатыгездігінен қарттар үйінде отырып, жалғанның опасыздығына налудың жөні бір басқа. Бүгінгі таңда көптеген дария жүрек, тау тұлға қарттарымыздың өмірінің соңын қарттар үйінде өксікпен өткізіп жатқанын ойласаң, заманыңның  мұншалықты бұзылғанына налыйсың, қысыласың, мұндай тірілік қазақтың басында болмауға тиіс деп өзіңді өзің қайрайсың…

Кімді кінәлайсың? Адам құндылығын қастерлейміз деп жар салған қоғамды ма, әлде сол «құқықты» жеке басының ғана қызығына айналдырғысы келетін ұрпақты ма? Мемлекеттік саясатқа ешбір өкпе айта алмайсың. Қарттарға аста-төк болмаса да алаңсыз өмір сүруіне жететін зейнетақы төлеп отыр. Ал екі қолы алдарына сыймай еңбексіз отырған жастар жоқ.  Өмірдің рахатын күннен ғана емес, түннен, түнгі клубтардан тауып жүргендері бәрімізге белгілі. Сөйте тұра қарт әке-шешесін қолында бағуға құлықсыз. Бұл кінәрат жастардың бойына, санасына қайдан дарыды?

Әрине, ақылдыларымыз көп айтатын ұлттық дәстүр салттан безген, рухын құлдық заманға ұрлатқан ұл-қыздарымыздың санасыздығының кесірі. Айналып келгенде ұл қыздарымызды өзіміз тәрбиелей алмадық, бас-басына жіберіп кесірін өзіміз тартып отырмыз. Қазақта ұялыу, сыйлау, қорқу деген ұғым атам заманынан менталитетімізге қалыптасқан. Ұл мен қыз әке шешесінен өлермен қорқатын, және қатты ұялатын ғой. Ұяалғанда кірерге тесік таппайтын. Соның арқасында инабатты, ибағатты боп өстік. Ал бүгін жастардың ортасына азғындық пайда болды, арсыздыққа барды, ата-анасына қатты сөйлеу, көңілін қалдыру бер жағы қол жұмсайтындарды естігенде төбе шашың тік тұрады. Бұл ары қарай жалғаса берсе ертеңгі ұрпақтарымыздың күні не болмақ.  Алланың мейірімділік заңдылығына бой ұсынған,  дәстүр салтын берік ұстанған ата-бабаларымыздың баз кешкен  рухани құндылықтарын бойға дарытпақ түгіл ойдан шығарып алдық.

«Тату-тәтті көршілер шыр бұзбаған,

Бірде тоңып суықта бір мұздаған,

Бір жаманы –   сонда да үй салмаған,

Бір жақсысы –   абақты тұрғызбаған» дейді ақын Мырза Әлі. Қазақтың жетімін жылатпағанын, жесірін қаңғытпағанын  «Бабалардың шоқ басқан табанымен» деген өлеңінде бәр-бәрін термелеп тұрып айтады.  (Қыл аяғы абақты салмаған.) Бірақ осы өлеңнің ішінде «қарттар үйін салмаған» деген жол жоқ. Неге? Қадыр ақынның жастық шағының өзінде жетімдер үйі болса да, қарттар үйі болмаған.

Ал күллі адамзат баласына ақ жол нұсқаған Құран кәрімнің бетін ашсаңыз, пайғамбардың хадистеріне үңілсеңіз әуелгі нығмет көзі ата-ананы қадірлеу жөніндегі уағыздан басталады. Бірақ ислам дінінің түрлі ағымына ниетін берген жастарымыздың саны мол болса да Алланың әуелгі аманатын ойына сіңіргендері  шамалы-ау деген ойға қаласыз. Тіпті, алды артын парлаған абыз қариялардан бастап, әке-шешенің жағымсыз қасиеттерін де кешіре біл, «әкең жынды болса да аймалап бақ» дейді парасатты халқымыз. Ол қанша жаман адам болса да, сені мына бақытты өмірге жеткізген парызын өтеуге тиіссің деген сөз.

Қарттар үйі туралы сөз қозғауымыздың мәні осы терминнің қалыптасуына байланысты емес. Әрине, тағдырдың жазымышымен қартайған шағында асыраушысынан айырылған қарттардың жөні бір басқа. Олардың қарттар үйін паналағаны тағдырдың ісі. Өзге шарасы жоқ. Бұл ретте мұндай қарттарымызды қамқорлыққа алып отырған мемлекетімізге рахмет айтуға тиіспіз. Алайда соңғы кезде бала-шағасы бай-бақуатты азаматтардың әке-шешелерін бағып күтуден қашқалақтап қарттар үйіне апарып тастайтын тас жүрек, мейірімсіз қылықтары жаныңды келтіреді. Бүгін еліміз көлемінде 21 мыңннан астам қарт қарттар үйінде күн кешіп жатыр екен. Ойлаңыз, бұл аз сан емес.  Мұны аз десеңіз ғалымдардың пайымы мен статистикалық заңдылықтарға сүйенсек елімізде 2050 жылдарға қарай қарттар үйін паналайтындар саны бүгінгіден екі есе артады деген болжам бар.

Сонда қоғамдағы мұндай өзгеріске қалай  тап болдық? Бұл тіке жаһандану үрдісінің ықпалы. Біз қоғамда демократия қалыптастырамыз деп ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаратын жағымсыз жақтарының ең сорақысын қабылдадық . Мәселен дамған елдерде әке-шешесін қарттар үйіне апарып тастау үйреншікті тірлік. Оларда жағдай басқаша, олар ұрпақтарын бас құраған күннен бастап, өз бетімен күн көруі үшін отбасынан алыстатады. Ал біздің қазақ ата-аналар өзінен хал кеткенше тапқан таянғанын бала-шағасының ауызына төсейді.  Қазақ ұрпақ үшін өмірге келеді, ұрпағы үшін жүріп өледі. Бұл қазақтың туада біткен қасиеті. Қазақтың өзгелерден ерекшелігі де осы. Бұл заңдылықты біз еш уақытта бұзбаймыз, және ұрпақтарға бұздырмаймыз. Осы дәстүр салтымызды ұрпақтан ұрпаққа жалғастырамыз. Сол үшін ұл мен келіндерді бас-басына жібермейміз. Туған әке шешесін, тіпті бірге туғандарында қарттар үйіне апартпаймыз. Соларды көзінің тірісінде аялап, асырап, сақтау Алла алдында бізге аманат. Әке мен шешенің көңілін қалдыру кешірілмейтін күнә. Осыдан былай кімде кім әке шешесін аялап, алақанына сап бақпаса, қарттар үйіне сүйресе, көңілдерін қалдырса ұлға да, келінге де қатаң шара жүктеп, дұрысталғанға дейін қоғамдық іс-қызыметінен босатылатын болсын. Туған ата-анасын қарттар үйіне сүйреу, оларға қартайған шағында құрмет көрсетпеу еркідік, демократияға жатпайды, керісінше қатегездік танытқаны үшін жауыздыққа жатады. Біз бұдан былай адам тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін Үкіметке айналуымыз керек. Өйтегенде қоғамда бей-берекетсіздік пайда болып, оны дұрыстау аса қыйындыққа соғады.   Бұл күндері талай жастардың еңбек істемей бойын босқа салып, әке-шешесінің зейнетақысымен күн көріп жүргенін де жақсы білеміз.  Оның үстіне қоғамда пайда болған азғындықтардан түбегейлі құтылудың жолдарын табу кекек екені түсінікті болды, Әсіресе адамдар бірін бірі сыйлайтын орта пайда болдыру үшін мейірімді қоғамға бет бұрғанан өзге жол жоқ. Біз бар ауырлықты Үкіметке арта бермей адам, әсіресе жастар, қыздар, бала тәрбиесіне ата-ана бүткіл халық жұмылуымыз керек. Сонда ғана мақсатымызға жетеміз. Қазір қарттар үйін паналайтындар ішінде қазақтардың жыл санап артып келе жатқандығы халықты алаңдатып отыр.  Қазақтың нар азаматтары! Әке-шешемізді қарттар үйіне сүйремеуді парасатымыздың биіктік өлшеміне айналдырайық. Осыдан былай қазақтың ұл мен келіндері еш уақытта ата-анасын қарттар үйіне сүйрелеп  Алланың қарғысына қалмасын!  Әке-шешесін ренжіткен адамдардың жақсылыққа бөленбейтінін, өмір бойы өкінішке қалатынын өткендер айтып кеткенін қайта-қайта еске ұстайық. Ата мен ананы, әке мен шешемізді шынайы, шын жүрегімізбен жақсы көрейік, аялайық, алақанымызға салайық. Ертең өзімізде қартайып ұлымыз бен келініміздің қолында  ішкеніміз артымызда, ішпегеніміз алдымызда еркелеп отыратын күнге жетейік, құрметті ұлдар мен келіндер!.

 

      Үзбен Құрманбайұлы, қоғам қайраткері

 

 

By meirim

Related Post

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *