«Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың пайымынша, референдум өткізу Қазақстанның дипломатиялық саладағы позициясын нығайта түседі. Әсіресе, ірі энергетикалық серіктестермен келіссөздер кезінде ықтымақтастық күшейеді.
АЭС-ке қатысты референдумның елдегі саяси жағдайға әсері
Ә. Тәжібаев атом электр станциясын салу бойынша референдум өткізу фактісінің өзі маңызды саяси сипатқа ие деп санайды. Бұл өз кезегінде биліктің стратегиялық маңызды шешімдер қабылдау кезінде ашықтық пен халықтың пікірімен санасуға ұмтылуының көрінісі.
Оның айтуынша, мұндай қадам азаматтардың саяси институттарға деген сенімін нығайтады, елдегі саяси жағдайды тұрақтандыруға ықпал етеді.
Осы орайда ол кешегі exit poll нәтижелеріне тоқталды. Оған сәйкес азаматтардың 69,8 пайызы жобаны қолдады.
«Бұдан бөлек, exit poll кезінде дауыс бергендердің 30,2 пайызы қарсы екенін көрсетті. Осы жағдай халық арасында АЭС құрылысына қатысты белгілі бір үрей мен күмәннің бар екенін байқатып отыр. Сондықтан билік бұл азаматтардың пікірін ескеріп, түсіндіру іс-шараларын жалғастыруы керек», — деді сарапшы.
Энергетикалық ынтымақтастық
Саясаттанушы елімізде өткен референдумға қатысты халықаралық алаңда қандай көзқарас болғанына назар аударды. Дауыс беру нәтижесі Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынастарына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Әсіресе, Ресей, Қытай және Орталық Азия елдері сияқты негізгі энергетикалық серіктестермен арадағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.
«Атом электр станциясының құрылысы жаңа инвестициялық жобаларға, сондай-ақ атом энергетикасы саласында тәжірибесі бар жетекші елдермен технологиялық алмасуға мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, Қазақстан атом саласындағы жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай тәжірибесі бар Ресеймен, сондай-ақ ядролық бағдарламалары белсенді дамып келе жатқан Қытаймен ынтымақтастықты нығайта алады», — деді ол.
Ә.Тәжібаев мемлекетаралық серіктестік еліміздің энергетикалық секторын әртараптандыруға және дәстүрлі көмірсутегі энергия көздеріне тәуелділікті азайтуға көмектесетінін атап өтті.
«Бұл ретте, референдум арқылы атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдау Қазақстанның егеменді мемлекет ретіндегі халықаралық аренадағы ұстанымын нығайта алатынын ескеру қажет. Осы жағдай елдің негізгі мәселелер бойынша тәуелсіз шешім қабылдауға қауқарлы екенін көрсетеді. Бұл фактор энергетика секторында күшті және тәуелсіз ойыншымен серіктестікті дамытуға ұмтылатын басқа мемлекеттермен ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді», — деді саясаттанушы.
Сарапшы бұған дейін әлемде атом электр станцияларын салу туралы шешім референдум арқылы қабылданған бірнеше жағдай бар екенін еске салды. Ең танымал оқиғалардың бірі Швейцарияда болды. Онда 2017 жылғы референдумда азаматтардың көпшілігі атом энергиясынан біртіндеп бас тарту жоспарын қолдады. Бұл ел осыған дейін атом электр станцияларын белсенді түрде пайдаланып келе жатқанына қарамастан, мұндай қадам жасады.
Мұндай шешімдердің салдары экономикалық және саяси факторларға байланысты өзгереді. Швейцария жағдайында атом энергетикасынан кезең-кезеңімен бас тарту шешімі баламалы энергия көздерін белсенді дамытуға итермеледі. Сонымен қатар Франция мен Финляндия сияқты атом энергетикасын дамытуды жалғастырып жатқан елдерде АЭС-ті ұлттық энергетикалық стратегияның маңызды бөлігі ретінде қарастырып отыр.
«Атап айтқанда, атом энергетикасы мәселелері бойынша референдум өткізу демократиялық принциптердің маңыздылығын және күрделі тақырыптарды талқылауда ашықтық бар екенін байқатады. Қазақстан үшін бұл ішкі саяси тұрақтылықты нығайту мен халықаралық аренадағы ұстанымын күшейту жолындағы маңызды қадам болуы мүмкін», — деді «Еуразиялық мониторинг» сараптамалық зерттеулер орталығының директоры.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Орталық референдум комиссиясы дауыс берудің алдын ала қорытындысын шығарды.
Осы ретте сайлау учаскелеріне барған қазақстандықтардың 71,12 пайызы референдумда АЭС құрылысын қолдап дауыс бергені айтылды.
6 қазан күні АЭС бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
«Үкімет сараптамамен айналысып, тиісінше келіссөздер жүргізуі қажет. Дегенмен, бұл — мәселеге қатысты менің жеке көзқарасым. Қазақстанда ең озық технологияларға ие әлемдік компаниялардан тұратын халықаралық консорциум жұмыс істеуі тиіс. Бірақ, мұнан арғыны өмір көрсетеді», — деді Президент.