Дүниежүзілік донор күні аталып өтеді. Бұл күн әлемнің түкпір-түкпіріндегі қан донорларына құрмет көрсетуді, сондай-ақ, қоғамның қан тапсырудың маңыздылығын түсінуіне ықпал етуді мақсат етеді.
Елдегі мәйіт донорлығы көңіл көншітпейді
Биылғы жыл басынан бері Қазақстанда 5 адам қайтыс болғаннан кейін донор болып, 19 адамның өмірін сақтап қалды. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 6 782 қазақстандық қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Әр түрлі аймақтарда 5 адам донор болып үлгерді:
- Ақмола облысы – 2 адам
- Павлодар облысы – 1 адам
- Түркістан облысы – 1 адам
- Алматы – 1 адам.
Бұған дейін «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев Қазақстанда мәйіт донорлығы мәселесі аянышты халде екенін мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық 2024 жылғы 10 қыркүйектегі жағдай бойынша елімізде 4103 науқас ағзаға мұқтаж күту парағында екенін хабарлады.
Оның ішінде бүйрекке 3661 ересек, 85 бала, бауырға – 180 ересек, 10 бала, өкпеге – 20 ересек, жүрекке – 136 ересек, 5 бала және жүрек-өкпе кешеніне 4 ересек пен 2 бала мұқтаж.
Статистикаға сәйкес, олардың көпшілігі кезегіне жетіп үлгермейді. 200-ге жуығы жыл соңына дейін өмір сүре алмайды. Қайтыс болған донордың трансплантациясы басқа адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін, бірақ Қазақстанда қайтыс болған донорлардың ағзаларын трансплантациялауға көзқарас екіұшты. Көбінесе туыстары мәйіттің жарамды ағзасын алуға келісім бермейді.
Ағзаларды трансплантациялау кез келген адамға, ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін. Көптеген аурулар адам ағзасының жұмысын тоқтатуына және оны трансплантациялау қажеттілігіне әкелуі мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстанда жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек, ұйқы безі трансплантацияланады.
Қайтыс болған 1 донор ағзалары 5 адамның өмірін ұзартты
Елімізде донорлықтың адамдарға жаңа өмір сыйлайтынын және көптеген адамның денсаулығын жақсартуға мүмкіндік бар екенін көрсететін жарқын мысалдар да жеткілікті. Биыл шілде айында University Medical Center клиникаларында донорлық ағзаны транспланттау бойынша ота сәтті жүргізілді. Осылайша дәрігерлер донор кезегінде тұрған 5 адамның өмірін сақтап қалды.
Донор – инсульт алған 44 жастағы әйел еді, дәрігерлер консилиумы марқұмның миы қызметін тоқтатқанын (өлгенін) растады. Оның туыстары ағза донорлығына келісім берді.
Нәтижесінде дәрігерлер 43 жастағы пациентке жүректі транспланттады. Науқасқа бұрын механикалық қан айналымын қолдау құрылғысы (LVAD) имплантталған, соның арқасында өмір сүріп келген.
Екінші пациентке өкпені транспланттау жасалды.
UMC Ана мен бала орталығында 15 жастағы қызға бүйректі трансплантаттау жүргізілді. Сондай-ақ, екінші донорлық бүйрек пен бауыр Астана қаласының Ұлттық ғылыми онкологиялық орталығында пациенттерге трансплантталды.
Түркістандық 18 жасар донордың бүйрегі алты балалы әкеге бұйырды
Биыл Түркістан облысында алғаш рет мәйіттік донордың ағзасын алып, мұқтаж адамға салу отасы сәтті өтті. Трансплантация тараздық тұрғын, 6 баланың әкесі Дархан Оспановқа жасалды.
Дәрігерлер донордың бүйрегі еліміздегі үш адамға сай келгенін, бірақ дәл осы науқастың сәйкестігі басым болғанын айтады. Мұндай ота Түркістан облысында алғаш рет жасалып отыр.
Рецепиенттің жұбайы Перизат Әбдраимова күйеуіне бүйрегін беруге 1 айдан бері дайындалып, анализ тапсырып жүрген. Беларусь Республикасында бүйрек ауыстыру отасын жасауға 30 млн теңгеден астам ақша сұраған көрінеді. Дәрігерлер алты баланың әкесі Дархан Оспановқа хабарласып, «сізге донор табылды» деп айтқанда олар тіпті сенбепті.
Кейін жергілікті дәрігер хабарласып, растаған соң, бірден заттарын жинап, жолға шыққан.
«Анализ келгенше осы клиниканың алдында қондым. Алладан қатты тіледім. Бізге бұйырды. Жүрегіммен сездім. 3-4 адамды шақырды. Кімдікі сәйкес келеді екен деп үлкен үмітпен күтіп отырдық. Кеше сағат екі жарымда қорытындысы келгеннен кейін дәрігер бәрімізді шақырып, кімдікі қанша пайыз сәйкес келетінін айтты. Бірден операцияға алып кетті», — дейді науқастың жұбайы Перизат Әбдраимова.
Мәйіттік донордың ағза мүшесін алып, мұқтаж адамдарға салу Түркістан облысында алғаш рет жасалды. Дәрігерлер 18 жасар жігіттің екінші бүйрегін Астанаға жіберіп, 16 жасар балаға салды. Ал бауыры Алматы қаласының тұрғынына бұйырса, жүрегі 58 жастағы шымкенттік ер адамға салынды. Мұндай мысалдар қоғамдағы донорлық мәдениеттің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдейді және көптеген адамды донорлыққа ынталандырады.
Қандай адам донор бола алады?
Донор болу үшін ең басты талаптар – адамның денсаулығының жақсы болуы және белгілі жас мөлшерінде болуы. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 210-бабының 1-тармағына және 212-бабының 1-тармағына сәйкес:
- ағза мен тіндердің тірілей доноры — 18 жастан асқан, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыста болған немесе онымен тіндік үйлесімділігі бар, трансплантациялау үшін жазбаша нотариалды куәландырылған келісімін білдірген адам;
- қайтыс болғаннан кейінгі донор — 18 жастан асқан адам, оның мүшелері немесе тіндері реципиентке трансплантациялау үшін пайдаланылуы мүмкін мидың өлімі анықталған адам бола алады.
Донор еш патологиясыз, қатерлі және жұқпалы аурулары, қант диабеті және басқа да аурулары жоқ органдарға ие болуы керек.
Бұл ретте Қазақстанда әлемнің көптеген елдеріндегідей, органдар мен тіндердің саудасына тыйым салынады және заң бойынша қудаланады.