Ұлттық намысымызды, ар-ұяатымызды қашаннан қорғап, «жанымызды арымыздың садағасы» етіп келген халықпыз. Қазақ халқының өзіміз түгіл әлемнің көзқарақты талай азаматтары мен ғалым, білгірлер салт-дәстүрміз бен тіліміздің байлығын жоғары бағалап келді. Түрік халықтарының ортақ тілі қазақтың тілі болсын деген ұсыныстар да жайдан жай емес. Өз қолымыз өзімізге жеткен тәуелсіздіктен соң қазақтың тілін жаңа белге көтере алдық па, өзорнына қоя алдық па, деген сұрақ қойып көрейік. Қазақ елінде қазақтың тілі ғана асқақтап, салтанат құрып тұруға тиіс. Тіл жөніндегі мемлекет саясатын да қолдап, өзгелермен санасу қажеттілгі туындап отырғанын түсінеміз. Бұл жерде қазақтың тілін дамытатын Қазақтар біздер өзіміз болуға тиіспіз. Сол үшін екі қазақ өзара өзтілінде сөйлеулері керек. Осы тұрғыда бәрімізге ұлттық намыс ауадай қажет. Өз тілін білмеу өлгенмен тең екенін түсінетін уақыт жетті. Егер қазақта ар-ұят, намыс деген бар болса әрбір қазақ өз тілінде сөйлейтін болсын. Әсіресе көпшілік орындарда, тіпті үйінде аналардың өзге тілде сөйлеп, былдырлағаны жанға батады. Біздің осылай өз тілмізді өзіміз қорлап жүргенімізге өзгелер күліп, «әй сорлы қазақтар-ай» деп шетінен мазақ етіп жүр. Оны біздер түсінбейтініміз өкінішті-ақ. Енді ес-ақылымызды жинайық, ар-намысымызды оятайық, ағайындар! Өз тілімізге өзіміз бекем бола отырып, өзге құндылықтарымызды жаңа белге көтерейік, осынының барлығын асқақ рухымыз арқылы ғана қолға келтіретінімізді түсінейік. Ал біздің өзге рухани құндылықтарымызға бөгет жасап көз алартып отырған ешкім жоқ, тек демократия, еркіндік деген даңғаза саясат жаһандануды алға ұстап мүмкіндік бермей отыр. Сол сылтау дайын тіліміздің өзін түзетуге, ұлттық намысымызды оятуға бөгет боп тұр. Тіпті өзгелерге жұтылып кетуге дайын тұрамыз. Қазақтардың өзі «баяғы жартас, бір жартас» қатып қалғанбыз. Ең бергісі екі қазақтың бір-бірімен өзге тілде сөйлесуі қандай намыссыздық екенін неге түсінбейміз. Көшедегі кезіккен қазақпен емес, отбасында әке-шешемізбен, бала-шағамызбен орысша сөйлесуді дәстүрге айналдырып алдық. Орысша сөйлемесек көңіліміз көншімейтін болды. Бұл ұяттың көкесі, өзімізді-өзіміз қорлау. Мен орыстың ғана емес қытайлықтардың, жапондықтардың, немістердің, еврейлердің дегендей әлемнің талай ұлтының төрінде болып, отбасындағы әңгімелерін тыңдадым. Бізге ұқсап өз ара басқа ұлт тілінде шүлдірлескендерін көрген емеспін. Сондықтан ойланатын кез жетті. Біз айғайшыл халықпыз. Бірақ құрып бара жатқн тілімізге араша сұрап айғайламаймыз. Біз демократияшыл халықпыз, тілімізге неге құқық, еркіндік талап етпейміз. Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалатынын айтып, бір-бірімізге неге ескертпейміз. Өзі жоғалған халықтың салт-санасы кімге тансық?
-Жарайды, әсіресе қала қазақтары өркениетке жеткен екенбіз, Астананың төріндегі төрт құбыласы сай керемет пәтелерде тұрып жатырмыз. Бірақ сол пәтерледен қазақ ұлтының иісі аңқып тұрса жара еді-ау! Сол пәтерлерден ілуде біру болмаса қазақ қарттарын кезіктірмейтініміз өкінішті. Қарттар қайда? «Өркениетке ілесе алмаған» олардың дені ауылда қалып қойған. Керек десеңіз, қарттар үйінен іздеңіз.Тіпті қарттар түгіл пәтер үйдегілердің отбасында балалары қанша, ұлыларымыз шеттетілсе де ұрпағымыз әр үйде бес-оннан сол пәтерлерде өсіп жатқан шығар деп ойлайтын марқа жүректі де қуанта алмайсыз. Демографиялық өсімнің алғы шарты әке мен шешенің орынын басқан екеуден кейінгі үшінші бала екені ғылыми шындық. Ал әлгі қазақ жастарының отбасынан үшінші балалылары саусақпен санарлық екенін де жоққа шығара алмайсыз. «Бала –бақыт» деген аталы сөзден, бақытымызды басқа тепкен бейбақтар сияқтымыз. «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, екі баласы бардың болар-болмас халі бар, үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, … он баласы бардың орда бұзар қолы бар.» дейді Досбол шешен. Біз болсақ, өсу орынына өшуді қалайтын сияқтымыз. Жауымыз жоқ, малымыз көп пе? Өсім неге жоқ? Әрине, себеп табыс көзіміздің төмендігінде екенін де түсінуге болар. Дегенмен «жоқ» заманның өзінде қанша кедей болсақта қазақтың әрбір отбасында үйі тола бала болды, солар өсіп базар болатынын қазақ ерте түсінген халық. Сонда негізгі себеп ұлттық рухымыздың төмендеп бара жатқанын жасырып қайтеміз.
-Тағы бір түйткілді мәселе сол кірсе шыққысыз пәтерлердегілердің көбі көршісін танымайды десек артық айтқандық емес. Аралас-құралас ағайындар да жылында болмаса, айында ат ізін салмайды. Көршілері есік қақса, үй иесі тесіктен сығалап: «Кімсің?» деп тергейді. Аралда қалған Ревинзон Грузо сияқты ешкіммен араласпайтын жастарымыз сыйластық деген ұлы сөздің қадірін, көрші қақысы – тәңір қақысы», «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтін қазақ даналығын аяқасты еткен сияқты. Сонда қазақтың әлем таныған бауырмалдығы, қонақжайлығы қайда?
-Бір тұрғын үйде тұрғандарыдың бір-бірімен қарым-қатынсы осындай болғанда көшедегі сабылысқан жанның қарым-қатынасынан не қайыр. Асырып айтсақ, бәрінің де қабақтары қатулы сияқты әсер қалдырады. Өркениетті елдердің қала көшелеріндегі қара нөпір халықтың жанай өтіп бара жатқандарға болмағанда күлімсіреп, бас изеп өтетін ілтифатына қайран қаласыз. Сол елдердің даналары біздің Абай атамыздай «адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өсиет қалдырмаған болар. Бірақ мәдениеттері жоғары. Сонда біз демократияны дәріптегенде батыстың демократия салтанат құрған өркениетті елдерінің тек даңғаза, тұрпайы тұстарын қабылдағанбыз ба деген ойға қаласыз. Әйтпегенде көшеде кезіккен жандарға бас изеп, ілтипат білдіруге неге құлықсызбыз. Қазатардың аман сәлемін, жайдары мінезін, өзара қатынасын, күлімсіреп жүретінін, бір-біріне деген тілеулестігін, қайырымдылығын, мейірімділігін қалыптастыру жақсы көңілдің нәрсесі емес, қоғамның заңдылығы, әрбір адамның парызы етейікші демекпін.
Біздің қазақтың бойындағы мыңдаған жылдар бойы дәстүрге айналған адам мен адам арасындағы сыйластықтан торқалы тойымыз ғана қалған сияқты. Бірақ оның да тонын теріс айналдырып алғанбыз. «Жоқшылық, жоқшылық!» деп зарлап аламыз да «көрпемізге қарай көсілуді» білмейміз. Айтуға, ағайынға айғайлауға тұрмайтын елеусіз бір қуаныштың өзін ақша шашып, ат шаптыратын той жасап, даңғазалыққа айналдырып алдық. Атам қазақтың тілінде «дүбірлі той» дейтін тіркес бар. Біздің қазіргі тойларымыз нағыз «дүбірлі», дүбірлі емес, дүрсілді той. Алыс, жақыннан келіп, сағынышпен қауышып жатқандар бір-біріне дұрыстап амандаса да алмайды. Тойда ақ тілектер айтылу – ата салтымыз. Айтылады-ау, құлақ тұндырған муызканың астында тұншығып қалады, ешкім, еш нәрсе естімейді. Той болғасын ізгі тілектер, жақсы сөздер айтылып, жақсы сөз жарым ырысқа айналуы, «сол солай айтып еді» деп той иелерінің жадында сақталуға тиісқой. Ал сол дүрсілді музыкаға елітіп «итекке» басқан жастардың үлкен бар, кіші бар, ата бар, ене бар деп именбей ашық-шашық алқына билеуі – өздеріне ғанибет. Тіпті ішкиімін шешіп лақтырған қыздарды да көріп жүрміз. Қарттар жағы беттерін басады, немесе үзілісті сылтауыратып шыға қашады.. Неткен дарақылық! Осындай бетпақ салт дәстүрді біз қайдан қабылдадық? Дәстүрлі салт санамыз, ұлттық рухымыз қайда? Не нәрсе орнымен болса деген ізгі ниет қане.
Үзбен Құрманбайұлы